Қазақстанның Осакадағы құрметті консулы тағайындалды

0

2018 жылғы 25 желтоқсан 12:41 130

Қазақстанның Осакадағы құрметті консулы тағайындалды

ТОКИО. ҚазАқпарат — Қазақстанның Республикасының Осакадағы құрметті консулы тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі Садық Әкижанов.

2018 жылғы 25 желтоқсанда Токиода Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев «Marubeni» корпорациясының Осакадағы өкілдігінің басшысы Минору Томитаға консулдық патентті табыстады.

ҚР Осакадағы Құрметті консулдығының консулдық округіне 20 миллионнан астам халқы бар және жалпы ішкі өнімі 800 млрд АҚШ долларын құрайтын ауқымы жағынан Токиодан кейінгі Жапонияның екінші экономикалық маңызы бар Кансай аймағы кіреді.
Кездесу барысында Елші Е.Баударбек-Қожатаев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапониямен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға ерекше мән беретінін атап өтіп, қазіргі уақытта Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыты — экономикалық дипломатия екендігін жеткізді.

Минору Томита Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ елімізге шетелдік инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға жәрдемдесетін болады.
«Marubeni» корпорациясы бүкіл әлем бойынша 450-ге жуық өкілдігі бар, өндіріс, көлік, сауда-саттық, қаржылық және басқа да салаларда жұмыс істейтін Жапониядағы ең ірі сауда компаниясы.

Еске сала кетсек, «Marubeni» Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Астанада кеңсесі бар. Қазіргі уақытқа дейін жапониялық корпорация елдің мұнай-химия және уран өнеркәсібіндегі жобаларды инвестиция салды және оларды іске асырды.

 

 

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz