Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне көшкендерге жәрдемақы 2 есе көп төленеді

0

Қазақстанда оңтүстік өңірден солтүстік аймақтарға көшкендерге арналған жәрдемақыны екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мұндай шаралар 2025 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысына 10 мыңнан астам адамдық жұмыс күшін тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл өңірдегі демографиялық жағдайға оң әсер етіп, жұмыссыздық деңгейін 4,9%-ға дейін төмендетеді.

Еңбек министрлігі өңіраралық қоныс аудару тетіктерін жетілдіруге ниетті.

Мысалы, электрондық еңбек биржасының көмегімен бизнес-процестерді оңтайландыру жоспарлануда. Бұдан басқа, мемлекет бір жыл ішінде қоныс аударушылардың жалақысының 35 пайызына дейін субсидия беруді жоспарлап отыр (бірақ ең төменгі жалақыдан аспайды, яғни 42 500 теңге).

Субсидия көлемін екі есеге — 35-тен 70 АЕК-ке дейін, яғни 102 095 теңгеден 204 190 теңгеге дейін арттыру жоспарлануда.

«Қазір жаңа орынға қоныс аударушыларды бейімдеу үшін берілетін біржолғы жәрдемақыны 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмыс берушілерді ынталандыру үшін қоныс аударушы жалақысының бір бөлігін субсидиялау, оны оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша шаралар қабылдануда», — деп түсіндірді Серік Шапкенов.

Былтыр қазан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіп келген қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есеге арттыруды ұсынды. Ол мемлекет мигранттар үшін барынша қолайлы жағдай жасауы тиіс екенін атап өтті.

Айта кетейік, қазіргі уақытта отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК көлемінде қаражат бөлінеді.