Қазақстанның мектептерінде соңғы қоңырау онлайн режимде өтеді

0
13

Оқу жылының аяқталуына орай өткізілетін шараның жаңа форматы коронавирус пандемиясына байланысты енгізілді

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. 1-ден 10-ға дейінгі сыныпта оқитын оқушылар мектеппен онлайн режимінде қоштасып, жазғы демалысқа шығады.

Биыл мектеп оқушылары мен мұғалімдердің қауіпсіздігі үшін дәстүрлі соңғы қоңыраудан бас тартылды.

20 мамырда Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқу жылының аяқталуына арналған мерекенің жаңа форматы енгізілгенін хабарлады.

Сағат 11.00-де республикалық телеарналардың эфирінде Білім және ғылым министрлігінің басшысы құттықтау сөз сөйлейді, содан кейін әр сыныпта қашықтық форматында сынып сағаты өтеді.

Оқи отырыңыз: Білім басқармасы 1-сыныпқа қабылдау тәртібін түсіндірді 

Мұғалімдер оқу жылын қорытындылағаннан кейін мектеп оқушыларының ресми жазғы демалысы басталады.

Биыл салтанатты шараға 11-сынып оқушылары ғана қатысады. 3-4 маусымда мектеп аулаларында әр сынып үшін жеке аттестат тапсыру рәсімі өтеді.

Түлектер мерекеге бір немесе екі ата-анасымен келе алады. Биыл мектептің аяқталуын мерекелеуге арналған басқа дәстүрлі шаралардың барлығына тыйым салынды.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық оқушылар коронавирус пандемиясына байланысты төртінші тоқсанда қашықтықтан оқыды. Түлектер қорытынды емтиханды тапсырмайды, аттестатқа қорытынды жылдық баға қойылады.

Биыл Қазақстанда 150 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында дәстүрлі форматта өтеді.



sputniknews.kz