Қазақстанның көпбалалы әртістері — фото

0

Өнер мен отбасылық өмірді қатар алып жүрген көпбалалы әртістер

АСТАНА, 6 қаңтар — Sputnik. Дәстүрге сай қазақстандықтардың басым көпшілігі демалыс күндерін отбасымен бірге өткізеді. Отандық жұлдыздарымыз да бәрінен де жақындарымен бірге болғанды құптайды. Жаңажылдық шараларды артқа тастаған халықтың сүйікті әртістері қазір отбасы — ошақ қасында.

Бүгін Sputnik Қазақстан көпбалалы жұлдыздар топтамасын назарларыңызға ұсынады: тамаша мансап құрып қана қоймай, бүлдіршіндердің шат күлкісіне бөленіп жүрген бұл әртістерімізге жұрт қызыға да, қызғана да қарайды.

Айта кетсек, Қазақстанда кем дегенде төрт бала тәрбиелеп отырған отбасылар көпбалалы қатарына жатады. Еліміздің кей танымал тұлғалары төртеуімен ғана шектелмеген екен.

Ең үздік ата-ана дегенде көз алдымызға әуелі жұлдызды жұп Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болманов келетіні рас. Музыканттардың отасқанына 20 жыл толған, осы уақыт аралығында 5 баласы өмірге келді. Төрт ұлдың артынан 2017 жылы сүйкімді қыздары жарық дүние есігін ашып, ата-анасын бақытқа бөлеген. Болмановтар отбасының тұңғышы – Бекболат 18-де.

Тағы бір жұлдызды әке, бес бала тәрбиелеп отырған шоумен, сықақшы, КВН ойыншысы, NOMAD CITY HALL комедия театрының жетекшісі – Тұрсынбек Қабатов. Жары Мөлдір екеуінің үш қызы және екі ұлы бар. Мерейлі отбасының кенжесі Райымбек 2018 жылы 23 желтоқсанда дүниеге келді. 

Қазақстандағы ең танымал әншілердің бірі Қайрат Нұртас сүйген жары актриса Жұлдыз Әбдікәрімовамен бірге төрт бала өсіріп отыр. Жас әртістердің некесін қиғанына 11 жыл толыпты. Әнші ұзақ уақыт бойы отбасы барын жасырып келгенімен, 2017 жылы жұлдызды жұптың суреттері әлеуметтік желіде жариялана бастады.

Сол жылы қазан айында Қайраттың әйелі – Жұлдыз басты рөлді сомдаған «Періштелер ұйықтап жатқанда» драмасы көрермендерге жол тартты.

Қазір 30 жастағы актриса төрт баласын тәрбиелеп қана қоймай, телевизиялық шоу жүргізіп, журнал мұқабаларына суретке түседі, әлеуметтік желіде де өте белсенді.

Жез таңдай әнші Алтынай Жорабаева – үріп ауызға салғандай төрт қыздың анасы. Әртіс жеке өмірі жайлы үнемі айта бермесе де, бірнеше жыл бұрын ажырасып кеткенін жасырмайды, болашақта қайта отбасын құрып, қыздарына іні сыйлауға үміті бар.

«АБК» және «К-7» топтарының бұрынғы әншісі Ерлан Көкеев – төрт баланың әкесі. Жары Анар екеуі Әйгерім, Рената, Сәтті есімді үш қызы мен Ақжан атты ұлын тәрбиелеп отыр. Әртіс бақытты әке екенін жиі айтады, болашақта тағы кішкентайлы болсам деген арманы да жоқ емес.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/