Қазақстанның еңбек ері қандай қиындық көргенін айтып берді

0

Құралай Байменова өткен ғасырдың соңында Ақтөбеде сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығын құрып, өзімен тағдырлас жандарға көмектесіп келеді

НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik, Дәурен Ерболат. Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының төрағасы, Қазақстанның еңбек ері Құралай Байменова арбаға таңылғаннан кейін өмірінің қалай өзгергенін, қиындықтарды жеңіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы үшін қалай күрескенін Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Журналистика саласына қалай келді

Құралай Байменова 1955 жылы 11 сәуірде Ресейдің Орынбор облысы Донгуз станциясында көпбалалы отбасында дүниеге келген, үйдің үлкені. Ақтөбе педагогикалық институтында бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығы бойынша білім алады. Қандыағаш және Ақтөбе қалаларындағы телеарнада жұмыс істеп, мыңдаған мүгедектің жан жарасын жазуға, олардың қайта өмірге араласуына септігін тигізеді.

«Мектепте аудандық газеттерге мақалаларымды жіберіп жүрдім. Жастайымнан әлеуметтік әділдік үшін күрестім. Бойымдағы осы қасиет журналистикаға алып келді. 1990 жылдары Кеңес одағы құлап, дүниенің астан кестеңі шығып жатқан кезде, адамдар кәсіптің көзін табуға тырысты. Мен кәсіпкер бола алмайтынымды білдім. Сондықтан адамдарды жігерлендіріп, рухын көтеру үшін телевизия саласын таңдадым», — дейді ол.

«Арбаға таңылған мүгедектерден қорқатын»

1989 жылы 34 жасында Құралай Байменова жол-көлік апатына ұшырап, омыртқасына қатты зақым келеді. Дәрігерлер оны аяғынан тұрғызу үшін бірнеше рет ота жасайды. Алайда бұл операциялар нәтиже бермей, өмір бойына арбаға таңылды. Бұл кезде Құралай Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында тұрған.

«1989 жылы жол апатына ұшырадым. Салдарынан омыртқамды сындырып, 1-2 жылдай төсек тартып жатып қалдым. Өмірдің қиындығымен бетпе-бет келдім. Бірақ өкініп, жылаған емеспін. Төсекте жатқан кезде арбаға отыруды армандадым. Үйге арбаны әкелгенде менің қалай қуанғанымды көрсеңіз ғой. Бұл кезде адамдар арбаға таңылған мүгедектерді көрмеген, олардан қорқатын. Кейбір адамдар «бісміллә, инвалид» деп қашатын. Мен оларға «арба – тақ, мен – ханшайыммын» дейтінмін. Сонда адамдар маған күлетін», — дейді Қазақстанның еңбек ері.

Жақсы адамдардың шарапатын көрген

Байменованың айтуынша, өмірдегі қиындықтарды еңсеруге оған күйеуі Қуандыр, туыстары мен досы Қарлығаш Кәкен көмектескен.

«Жол апатына ұшыраған кезімде күйеуім Қуандыр 39 жаста еді. Полиция майоры болып қызмет атқарып жүрді. Ол – ірі денелі, қуатты адам. Апатқа түскен күннен бастап жанымда болды, жағдайымды жасап күтті. 2 балаға да қарады. Телеарнадағы жұмысым 2-3 қабатта еді. Ол мені көтеріп алып, жұмысқа апаратын. Көмегін аяған жоқ. Әлі күнге дейін осындай. Қазір ол – 71 жаста», — дейді ол.

Сондай-ақ сол кезде аудандық партияда хатшы қызметін атқарған Қарлығаш Кәкен есімді досы да қиын сәттерде көңіліне медеу болған.

«Енді ойласам, достығымызға 30 жыл толыпты. Қазір ол Нұр-Сұлтанда тұрады. Жалпы өмірімдегі бұл қиындықты еңсеруге көршілерім, туыстарым, достарым көмектесті», — дейді ол.

Мүгедектерге коттедж қалашығын салуды армандайды

Құралай Байменова арбада отырып, жұртты жаңа іске жұмылдыруды ойлайды. 1997 жылы Қандыағаштан Ақтөбе қаласына көшіп келеді. Сөйтіп, облыстық телеарнада «Сила духа» деген бағдарлама ашып, мыңдаған мүгедектің «қайта тұрып», өмірге араласуына атсалысады. Қазіргі таңда оны әрбір ақтөбелік таниды, еңбегін құрметтейді.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектестім» деп айта алмаймын.  Мен тек олардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға көмектестім. Яғни біз мүгедектердің сапалы өмір сүруіне бағытталған қозғалысты құрдық. Тіпті, ол кезде арба да, жәрдемақы да болған жоқ. Тәуелсіздік алған кезде мемлекеттің жағдайы қиын болды. Ашығын айтқанда,  мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайын жасауға мүмкіндік болмады. Соған қарамастан біз түрлі спорттық шаралар, автошеру, конкурстар ұйымдастырдық», — дейді Қазақстанның еңбек ері.

Сонымен қатар ол 1999 жылы Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамын құрады. Ал 2012 жылы оның атауы Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы болып өзгереді. Қазіргі таңда бұл орталық арбаға таңылған адамдарға жүйелі қолдау көрсетіп келеді.

«Қазір 18 жасқа дейін мүгедек балаларға жәрдемақы төленеді ғой. Ал біз осыдан 30 жыл бұрын осының негізін салуға атсалыстық. Қазіргі таңда орталықта еріктілер тобы, әлеуметтік қызмет бөлімі мен қоғамдық қабылдау жүргізіледі. Арбаларды жөндеу, тігін цехы қарастырылған. 2005 жылы Ақтөбе облысының екі ауданында инватакси қызметі іске қосылды. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында мүгедектерге арналған екі көпқабатты үй салынды. Қазір 73 отбасы тұрып жатыр», — деді Құралай Байменова.

Оның айтуынша, бүгінде бұл орталықта 33 адам жұмыс істейді. Байменованың ендігі мақсаты – мүгедектерге арналған коттедж қалашығын салу.

«Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен кездестім. Оған жоспарымды көрсеттім. Өңір басшысы жобамды қолдады», — дейді ол.

Еңбек ері болу үшін не істеу керек?

2018 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Құралай Байменоваға «Қазақстанның еңбек ері» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденімен марапатталды. 

«Қоғам еңбегіме адал бағасын беріп тұр ғой. Бұл – көпжылғы еңбектің нәтижесі. Менен балалар «Еңбек ері болу үшін не істеуіміз керек?» деп сұрайды. Мен оларға «балабақшадан бастап, зейнетке дейін еңбектеніп, адал жұмыс істеу керек. Өз ісіңе, өзің таңдаған мамандығыңа адал болуың қажет деп айтамын», — деп түйіндеді сөзін ол.



sputniknews.kz