Қазақстанның ең бай адамдарының біріне сот үкімі шықты
Қысқа сілтеме алу
Cудья айыптаушы тараптың кәсіпкерге таққан айыбын негізсіз деп танып, қылмыстық істі басқа бапқа ауыстырған
АЛМАТЫ, 2 наурыз – Sputnik. Қостанай қаласының №2 сотында белгілі қостанайлық кәсіпкер, Қазақстанның ең бай адамдарының бірі Василий Розиновке сот үкімі шықты.
«Иволга Холдинг» ЖШС бұрынғы басшысы Василий Розиновке аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылған еді. Бірақ судья Батырбек Құдабаев Бас прокуратураның кәсіпкерге таққан айыбын негізсіз деп тапты. Оның Еуразиялық даму банкінен қаражат жымқыру туралы ойы болмаған деп таныды. Керісінше, кредитті уақытында төлемеуіне бірнеше жыл бойы егіннің бітпеуі, теңгенің құнсыздануы (кредит доллармен алынған) себеп болғанын есепке алды, деп жазады өңірлік «Қостанай жаңалықтары» сайты.
Басылымның хабарлауынша, сот айыптаушы тараптың бірде-бір талабын қанағаттандырмаған. Мәселен, прокурор холдингтің мүлкін тәркілеуді, Розиновтың сөзін сөйлеген куәгерлерге қарсы қылмыстық іс қозғауды, мемлекеттік марапаттарынан айыруды сұраған. Бұған қоса, судья куәгерлерге шын мәнінде қысым жасалғанын атап өтті.
Василий Розинов
Десек те, Василий Розиновке айыптау үкімі шықты. Сот әуелгі тағылған айыпты қылмыстық кодекстің 195-бабына (Алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру) өзгертті. Еуразия даму банкімен кредит келісімі жасалған кезде «Иволга Холдинг» ЖШС-нің Франция мен Англия банктерінде ресейлік компаниямен бірлескен кредиті болған екен. Қаржы сомасы көп емес. Дегенмен, бұл мәлімет қазақстандық кредиттік құжаттардың тізіміне кірмей қалған. Сондықтан сот мұны Еуразиялық даму банкін жаңылыстыру, алдау деп таныды.
Сонымен, сот Розиновты осы бап бойынша кінәлі деп танып, екі жыл алты айға бас бостандығын шектеді.
Сот отырысы ашық өтті, айыпталушының туыстары мен достары, журналистер қатысты.
Айта кетсек, «Иволга Холдинг» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Василий Розиновке қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өткен жылдың 17 қыркүйегінде басталған еді.
Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда бұрынғы әкімге сот үкімі шықты
sputniknews.kz