Қазақстанның бірнеше облысында аптап ыстықтан егіс алқаптарына зиян келді

0

Қыркүйек айындағы ауа райы солтүстік облыстарда астықтың ысырап болуына әкеп соғуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Қостанай және Ақтөбе облыстарында аптап ыстықтан егіс алқаптарына зиян келген. Бұл туралы бүгін ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Қостанай және Ақтөбе облыстарында қолайсыз ауа райы егістіктердің жай-күйіне теріс әсерін тигізді. Өздеріңізге белгілі, республика аумағында қатты ыстық болды. Мәселен, негізгі астық өсіретін Қостанай облысындағы жағдай алаңдатарлық болып отыр», — деді министр үкімет отырысында.

Айтуынша, құрғақшылық салдарын зерделеу үшін арнайы жұмыс топтары құрылған. Олар облыстың барлық ауданын зерттеп қарап шықты.

«Фактілер расталды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облысы әкімдігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шараларын қабылдайды», — деді Омаров.

Министр қазір республиканың барлық өңірінде егін ору науқаны басталғанын атап өтті. Оның мәліметінше, Түркістан облысында дәнді дақылдарды жинау аяқталған. Жамбыл облысында аяқталуға тақап қалды.

«Республика бойынша дәнді дақылдарды жинау алаңы 15,2 миллион гектарды құрайды. Оның 4,8 миллион гектары жиналды, бұл 31,7%. Өткен жылы бұл көрсеткіш осы уақытта 16,2% болған еді», — деді ол.

Сондай-ақ, Омаров қыркүйек айындағы ауа райы солтүстік облыстарда астықтың ысырап болуына әкеп соғуы мүмкін екенін айтып отыр.

«Қостанай облысында бір айлық жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары, СҚО-да нормаға шамалас, ал Ақмола облысында нормадан төмен болады деп болжанып отыр. Кей жерлерде үшінші онкүндіктің бірінші жартысында қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін. Бұл егін жинау жұмысына әсер етіп, астықтың ысырап болуына әкеп соғуы ықтимал», — деді ол.

Осыған байланысты, министр әкімдіктерден егін ору жұмысын барынша қысқа мерзімде ұйымдастыру шараларын қолға алуды сұрады.



sputniknews.kz


Тегтер:егістік