Қазақстанның білім бренді. «Болашақ» стипендиясының 25 жылдығы тойланды
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова “Болашақ” халықаралық стипендиясының 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, “Астана” халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун, мемлекеттік органдардың басшылары, дипломатиялық корпустың, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, “Болашақ” стипендиясы бойынша оқып келген түлектер қатысты.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың форумға қатысушыларға арналған құттықтау сөзін оқып берді. Онда ширек ғасырдан бері еліміздің талантты жастарының білім алуына арналған “Болашақ” стипендиясы дүние жүзіне танылған қазақстандық брендке айналғаны айтылған.
Бүгінде бағдарлама түлектері білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми әзірлемелер мен ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге қол жеткізді. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында біздің алдымызға жаңа талаптар қойылып отыр. Сондықтан “болашақтықтардың” алған білімі мен білігі, әлемнің озық елдерінен алған өмірлік және кәсіби тәжірибесі тиімді пайдаланылуға тиіс, – делінген Президенттің құттықтауында.
Бағдарлама іске асырылып келе жатқан 25 жыл ішінде 13,2 мың стипендия тағайындалып, экономиканың басымдығы бар секторлары үшін жоғары білікті 10,4 мың маман даярланды. Қазіргі уақытта 1,2 мың стипендиат білім алып жатыр.
Кездесу барысында “Болашақ” халықаралық стипендиясын жүзеге асыру нәтижесі қорытындыланып, оны одан әрі жетілдіру жоспарлары талқыланды, үздік “болашақтықтардың” ой-пікірі тыңдалды.
Форум аясында әлемдегі 33 елдің 190 жетекші университеті қатысқан International Education Fair көрмесі ұйымдастырылды. Оған Джордж Вашингтон университетінің, Эдинбург университетінің, Вюрцбург-Швайнфурт қолданбалы ғылымдар университетінің және басқа да оқу орындарының өкілдері атсалысты.