Қазақстанның бес әкімі ғана 8 наурызға орай өз аймағындағы әйелдерге «сыйлық» жібереді

Қалған 15 өңірдің басшылары үн-түнсіз отыр
Өңір әкімдері көп балалы отбасыларға мереке қарсаңында бір жолғы әлеуметтік төлем төлейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еліміздегі 20 облыстың ішінде Астана мен Шымкент қаласы, Ұлытау, Түркістан, Қарағанды облысының басшылары ғана мәрттік танытыпты.
Астана қаласының әкімдігі көп балалы отбасыларға, көп балалы аналарға, оның ішінде Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын әлеуметтік аз қамтылған аналарға 9830 теңгеден бір реттік көмек көрсетеді. Мұндай төлемді Астанада 36 мыңға жуық әйел алады.
Шымкент қаласында «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері, «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға 5 АЕК мөлшерінде — 19660 теңгеден бір реттік әлеуметтік төлем жасалады.
Шымкент қаласында көпбалалы аналар саны – 67 741, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар – 13 805. Көп балалы, яғни 4-5 баласы бар аналар саны 53 936 адам.
Өңірлер ішінде Ұлытаудың әкімдігінің Халықаралық әйелдер мерекесіне орай аналарға берер сыйлығы қомақты, дегенмен облыста көпбалалы отбасылардың салыстырмалы түрде аз екенін ескерген жөн болар.
Ұлытау облысында бір рет берілетін әлеуметтік төлемнің құны – 20 000 теңге. Төлем Ұлытау облысының «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған 2711 анаға беріледі.
Сонымен қатар, төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толған жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алатын балалары бар 6454 көпбалалы отбасыға төленеді.
Түркістан облысының әкімдігі мереке қарсаңында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Ардақты ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға 7864теңгеден бір реттік көмек береді.Төлем 63 мыңнан астам адамға қарастырылған.
Республика бойынша көпбалалы аналардың төрттен бір бөлігі – Түркістан облысының тұрғындары. Оның ішінде, 117 927 адам – 18 жасқа дейінгі төрт және одан көп баласы бар аналар болса, «Батыр аналар» – 2 175, «Алтын алқа» иегерлері – 18 570, «Күміс алқа» иегерлері – 43 413, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналар саны – 3 264.
Қарағанды облысы жергілікті аудандардың әкімдіктері мен демеушілердің қолдауымен көп балалы аналар, сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған әйелдерге біржолғы төлем береді. Төлемнің көлемі әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан өңір әкімдігінің баспасөз қызметі нақты санды атамады. Қарағанды облысында 32 441 адам әлеуметтік осал топқа кіреді.