Қазақстанның батысында «Амал» мерекесі тойланып жатыр
Қысқа сілтеме алу
Қазақ бұл күні арадағы барлық өкпе-ренішті ұмытып, бір-біріне амандық-саулық тілейді
АСТАНА, 14 наурыз – Sputnik. Бүгін еліміздің батыс өңірінде «Амал» мерекесі тойланады. Бұл күні халық қыстан аман-есен шыққанына шүкір етіп, бір-бірімен көріседі.
Көрісудің өз тәртібі бар. Үлкен адамдар, халқымызда қадірлі адам саналатын құдалар бір-біріне қарсы тұрып, алдымен оң жағына, содан кейін сол жағына құшақтарын айқастырады. Жасы кішілер үлкен адамдардың қолын алып амандасады.
Таң атысымен жасы кіші адам жасы үлкен ағайын-тумаларға, сондай-ақ көршілерге барып «Бір жасыңызбен!» деп көрісіп, жаңа жылға аман-есен аяқ басуымен құттықтайды. Бұл күні арадағы барлық өкпе-реніш кешіріліп, амандық-саулық тілеседі.
Үй иелері алдын ала үйді,оның айналасын жинастырады. Дастарқан жайылып, оның үсті сүт тағамдары мен бауырсақ, қыстан арнайы сақталған қазы-қарта, шұжыққа толады.
Көрісу күнінің тарихы туралы халық арасында әртүрлі болжам, әртүрлі пікір бар. Қатынайтын көлік құралы ат пен арба болған заманда алды 3 ай, арты алты ай қыста бір-бірінен байланыс үзген ана жұрт пен мына жұрт қар еріп, күн жылынғанда қайта қауышып, көріседі екен, ол күн Наурыз айының ортасына тұспа-тұс келген, сол дәстүрден осы Амал мерекесі пайда болды деген болжам бар.
sputniknews.kz