Қазақстанның бас сақшысы тағы қорқытып жатыр (ВИДЕО)

0
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жалған ақпарат таратқандар қатаң жауапкершілікке тартылатынын айтып тағы бір үндеу жасаған.

Polisia.kz сайтының жазуынша, ол әлеуметтік желілерде жалған жазбаларды тарату бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп жатқанын айтқан. «Мен «ұшақтар мен тікұшақтардың көмегімен вирус және биохимиялық қару шашып жатқаны» туралы ақпараттың жалғандығын айттым. Әрине, бұл – өтірік және арандатушылық. Бұл факті бойынша ІІМ тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тексеру көрсеткендей, бұл факт шетелдегі өрттерді сөндіру кезінде болған. Ұшақтардағы анықталған белгілер, өрт сөндіру автокөліктерінің нөмірлік белгілері және өрт сөндірушілердің ағылшынша сөйлеуі де осыны дәлелдейді», – деді Тұрғымбаев.

Ол сондай-ақ, Қазақстанда мұндай техника жоқ және қолданылмайтынын атап өтті.

«Сондықтан, мен кезекті рет азаматтарды тек мемлекеттік органдардың ресми мәліметтеріне сенуге және жалған әрі расталмаған ақпаратты таратпауға шақырамын», – деді ішкі істер министрі.

Сондай-ақ, Тұрғымбаев мырза азаматтарға дәрі-дәрмектердің заңсыз сатылуын анықтауда көрсеткен көмегі үшін алғыс айтқан.