Қазақстанның әр аймағында полиция белсенділерді ұстай бастады

0

22 ақпан митинг өтеді деген күні Алматы мен өзге қалаларда полиция белсенділерді ұстап, кейбірін үйінің сыртында торуылдады.

Алматыда таңертеңгі сағат 9.30 шамасында полиция белсенді Шарбат Қаржаубаеваны Бостандық аудандық полиция бөліміне алып кетті. Бұл ақпаратты белсенді Даная Қалиева хабарлады. Оның айтуынша, полиция ұстау себебін түсіндірмеген. Өзінің полиция көлігінде кетіп бара жатқанын айтқан Қаржаубаева Азаттыққа өзін әуелі Жетісу аудандық полиция басқармасына апарғанын айтты. Ол жақта «адам көп болғандықтан» Бостандыққа апарған.

Полиция әзірге жауап бермеді.

Таңертең Шымкентте жеті белсендінің ұсталғаны да хабарланды. Белсенді Мұрат Аштаевтың әйелі Мөлдір Нұранованың айтуынша, белсендіні таңертең үйінен алып кеткен. Ол әйеліне өзімен бірге тағы алты белсендінің полиция көлігінде отырғанын, олардың арасында Ерлан Файзуллаев та бар екенін айтқан. Қазір Әл-Фараби аудандық полиция бөлімшесінде отыр. Ол әйеліне полицияның ұстау кезінлде күш қолданғанын айтқан.

Шамамен бір сағат бұрын Алматыда полиция митинг өтеді деген жерге жақын аумақта оннан астам «Демпартия» белсендісін ұстаған еді.

Оқи отырыңыз: Алматыда полиция митинг өткізбек болған «Демпартия» белсенділерін ұстады​

Azattyq