Қазақстанның 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды

0

2019-2023 жж. арналған негізгі макрокөрсеткіштер мен 2019-2021 жж. арналған бюджеттік параметрлердің нақтыланған болжамы туралы ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов баяндады.

ҚР ҰЭМ мәліметінше, соңғы екі айда мұнай бағасы біршама құбылмалы болды. Биылғы жылдың қазан айының басында ол барреліне $86,2 құрады. 23 қарашада мұнай бағасы барреліне $58,8-ға дейін төмендеді. Ауытқу 32% құрады.

«Әлем нарықтарындағы ағымдағы жағдайды және халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдарын ескере отырып, болжамды мұнай бағасы бір баррель үшін $60-дан $55-ға дейін төмендеді. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2019 жылы 3,8% құрайды. Бұл ретте жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 4,1% құрайды», — деп ақпараттандырды Т. Сүлейменов.

2019 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 64 триллион теңгеден 2023 жылы 86,5 триллион теңгеге дейін өседі. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2019 жылы $9,4 мың құрап, 2023 жылы $12,1 мыңға дейін ұлғаяды.

Ал өңдеу өнеркәсібі 4,1%, тау-кен өндіру 3,0%-ға өседі. Ауыл шаруашылығында – 6,4%, құрылыс саласында – 4,1% саудада – 4,4% көлеміндегі тұрақты қарқыны сақталады.

«Экспорт көлемі 2019 жылы $54,1 миллиардты құрайды. 2023 жылы $65,7 миллиардқа дейін ұлғаяды. Импорт 2019 жылы $32,9 миллиардты 2023 жылы $39,6 миллиардқа дейін өседі. Мұнай өндіру көлемі 2019 жылғы 88,0 миллион тоннадан 2023 жылы 99,0 миллион тоннаға дейін өседі», — деп хабарлады ұлттық экономика министрі.

Т. Сүлейменов атап өткендей, инфляция мақұлданған деңгейде 2019 жылы 4-6% сақталады, 2020 – 2023 жылдары 3-4% дейін төмендейді. Макроэкономикалық түзетілген болжам негізінде 2019 – 2021 жылдарға арналған бюджет параметрлерінің болжамы қайта қаралды.

«Республикалық бюджет кірісі 2019 жылы 6 трлн. 786 миллиард теңге, 2020 жылы – 7 трлн. 360 миллиард теңге, 2021 жылы – 7 трлн. 998 миллиард теңге көлемінде болжануда. Республикалық бюджет шығыстарының болжамы 2019 жылы 10 трлн. 727 миллиард теңге, 2020 жылы – 11 трлн. 59 миллиард теңге, 2021 жылы – 11 трлн. 402 миллиард теңге көлемінде айқындалды. 2019 жылы бюджет тапшылығы 2018 жылдың деңгейінде жалпы ішкі өнімге қарағанда 1,5% жоспарланған, ал 2020 жылы – 1,4% және 2021 жылы – 1,3% дейін төмендейді», — деп баяндады Т. Сүлейменов.

Мұнайлық емес тапшылық 2019 жылы жалпы ішкі өнімге қарағанда 6,9%-дан 2021 жылы – 5,3%-ға дейін қысқарады. Бұл Ұлттық қордың қаражатты қалыптастыру мен пайдалану тұжырымдамасымен белгіленген нысаналы көрсеткіштен аспайды.

Ұлттық қордың валюталық активтері 2019 жылы  $63 миллиардтан 2021 жылы $67,4 миллиардқа дейін ұлғаяды.

Үкімет отырысына бейнеконференция байланысы жүйесі бойынша ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев қатысты, ол Ұлттық банктің мұнай бағасының төмендеуі жағдайларында республиканың 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамындағы өзгерістерді қолдайтынын жеткізді. Ұлттық банктің инфляция бойынша орташа мерзімдік мақсаты 4% шамасындағы деңгей болып қалады. Инфляцияның 2019 жылғы дәліз шегінен шығу тәуекелдері сақталады. Инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін ақша-несие саясатын одан әрі қатаңдату мүмкіндігі бар. Дегенмен, нақты мәніндегі базалық мөлшерлеме экономика өсімінің ұзақмерзімді қарқынынан аспайтын болады.

«Қазақстанның Ұлттық банкі банктерді сауықтыру және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырады. Аталған шаралар, «7-20-25» бағдарламасын іске асыру және банктерге 600 млрд теңге көлемінде өтімділік беру банктердің несиелік белсенділігінің артуына септігін тигізеді», — деді Д.Ақышев

Қазақстанның 2019-2023 жж. арналған жаңартылған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Үкімет мақұлдады және құжат Парламент Сенатының пленарлық отырысына енгізілді.