«Қазақстанның 13 өңірінде шетелдік штам анықталды» – Цой

0
32
Цой
Цой

Бүгін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ-да өткен брифингте Қазақстанның 10 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласында шетелдік штам үлгілері анықталғанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, елде эпидемиологиялық жағдай нашарлады. «Кейінгі 2 аптада Алматы, Шымкент қалалары мен астанада, Ақтөбе, Алматы облыстарында науқас саны артып, вирус  жұқтырғандар 1,5 есе өсті (11 300-ден 17 633 жағдайға дейін). Жалпы науқастың 56% Алматы қаласынан, онда  ақпан айында тәулігіне 100, наурызда тәулігіне 500 жағдай тіркелді. Елордада ақпанда тәулігіне 100, осы айда тәулігіне 350 жағдайға жетті», – дейді ол. Алексей Цой наурыз айынан бастап халықты тестілеу тәулігіне 49 мың зерттеуге дейін артқанын, ақпанда тәулігіне 38 мың зерттеуге дейін жүргізілгенін хабарлады.

Оның сөзінше, министрлік ДДСҰ-мен бірлесіп Covid-19 штамдарын анықтайтын экспресс ПТР-скринингтің жаңа әдісін енгізген. «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы елдің барлық аймағынан ПТР арқылы расталған талдау үлгілерін жинақтап, зерделеу жұмысын жүргізді. Зерттеу қорытындысы бойынша, ШҚО, БҚО, Қостанай және Павлодар облысынан өзге өңірлерде британдық, оңтүстікафрикалық, бразилиялық штамға тән ықтимал мутация анықталды»,  – деп мәлімдеді министр.

Цой оқыған баяндама дерегіне қарағанда, ПТР тесті арқылы расталған 265 сынама толықтай геномдық секвенирленуден өткен. 87 сынамадан үш жаңа штамның мутациясы табылды. Ондағы 12 үлгіден британдық штамға тән мутация анықталған: Алматы қаласында – 8, Ақтөбе облысы – 3, астана – 1. Оның 5-еуі БАӘ, 3-еуі Мысыр елдерінен келген. «B117 кодымен белгіленетін Британ нұсқасының басты қаупі – өлім қатері ұлғайыңқы. Ағылшын штамының репродуктивті көрсеткіші R=1,1-ден 1,9-ға дейін өскені алаңдатады. Демек қарапайым түріне қарағанда тез жұғады. Ал бразилиялық штамның өлім қатері төмен, дегенмен елдегі COVID-19 штамына қарағанда жылдам таралады», – делінген ресми мәлімдемеде. ДДСҰ 30 наурыздағы дерегі бойынша, британдық штамм SARS-CoV-2 125 елде, оңтүстікафрикалық түрі 75 елде, ал бразилиялық үлгісі 41 елде анықталған. Коронавирустың жаңа штамдары мен алғашқы штамның белгілері бірдей – дене температурасы көтеріледі, жөтел пайда болады және адам дәм мен иіс сезу қабілеті жоғалады.

«Геномды секвенирлеу ПТР тесті сияқты күнделікті және тұрақты түрде жүргізілмейді. Ол штамдардың мутациясын және кез келген өзгерістің бар-жоғын анықтау үшін белгілі бір кезеңде жүзеге асырылады. Наурызда британдық, оңтүстікафрикалық және бразилиялық барлық үш штамға тән мутация ықтималдығын зерттеу әдістемесі қолданылды», – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова.

Қазіргі таңда елде жұқпалы ауруларға арналған орнынның 33%-ында (8130) науқастар жатыр. Сондай-ақ реанимация бөліміндегі 20% (450) төсек-орында сырқаттар емделуде.

qazaqtimes

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету