Қазақстанның 11 өңірінде науқастар өздеріне тиісті дәрі-дәрмекті алмаған

0

Қазақстанның 11 өңірінде науқастар өздеріне берілуі тиіс дәрі-дәрмекті алмаған. Бұл туралы 8 сәуірде Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрағасы Людмила Бұйрабековаға сілтеп, inform.kz жазды.

Бұйрабекованың сөзінше, 2018 жылдың наурыз-сәуір айларында министрлік мониторинг тобын құрып, тексеріс жүргізген.

«Министрлік дәрі-дәрмекті сатып алғанына қарамастан, өздеріне тиісті препараттарды ала алмағандарын айтқан науқастардан көп шағым түскен соң, тексеріс жүргізілді» дейді ол.

Бұйрабекова нақты қандай дәрі-дәрмек түрлері мен оны қандай науқастар ала алмағанын айтпаған.

Комитет төрағасының дерегінше, 2016-2017 жылдары Қазақстанның 11 өңірінде құны 4,3 миллиард теңге болатын дәрі-дәрмек пайдаланылмай қалғаны анықталған. Министрлік өкілі «бұған қарамастан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай ақпараттық жүйесінде аталған дәрі-дәрмектер науқастарға берілгені көрсетілгенін» айтады.

«Мониторинг тобының барлық мәліметі Бас прокуратураға берілді. 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін өңірлерде де, министрлікте де тексеру жүріп жатыр. Осы тексеру нәтижелері бойынша 20-дан аса қылмыстық іс қозғалды» дейді Бұйрабекова.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жексенбі, 7 сәуірде Twitter-дегі парақшасында елдегі денсаулық сақтау саласына бір триллион теңгеден астам қаржы бөлінгенін хабарлады. Оның айтуынша, әлі күнге дейін аймақтарда қарапайым медициналық қызметке қол жеткізудің өзі қиын болып отыр.

Оқи отырыңыз: Диализге мұқтаж жандар дәрі тапшылығына шағымданады

Azattyq