Қазақстанмен байланыс Швеция үшін маңызды
Қазақстан және Швеция жан-жақты саяси ынтымақтастықты жалғастыруға, сауда-экономикалық әлеуетін іске асыруға, сондай-ақ халықаралық платформаларда, соның ішінде БҰҰ және ЕҚЫҰ шеңберінде өзара әрекеттесуді жандандыруға ниет білдірді. Осы және басқа да мәселелер екі елдің сыртқы істер министрліктерінің арасында өткен екінші Қазақстан-Швеция консультацияларында талқыланды.
Қазақстан тарапын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал швециялық тарапын Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаментінің директоры Андреас фон Бекерат басқарды.
Келіссөздер барысында Қазақстан-Швеция ынтымақтастығын жандандырудың кең ауқымды мәселелері, оның ішінде құқықтық және консулдық, ғылым және технологиялар, білім беру бағдарламалары талқыланды.
Ерекше назар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, атап айтқанда екі елдің бизнес делегацияларының өзара сапарлары арқылы Қазақстанда швециялық компанияларының болуын кеңейту (қазіргі уақытта 40-тан астам) қажеттілігіне аударылды.
Р. Василенко 2017 жылы Швеция Солтүстік Еуропада Қазақстанның негізгі сауда әріптесіне айналғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан экономикасындағы инвестициялық мүмкіндіктер және шетелдік инвесторлар үшін артықшылықтар туралы хабарлап, швециялық компанияларды «Астана» Халықаралық қаржы орталығының, «Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технопаркінің, Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығының жұмыстарына және өраза әрекеттеріне қатысуға шақырды.
2018 жылдың қаңтар-қыркүйек кезеңінде екі ел арасындағы тауар айналымы 374,2 млн.долларды (экспорт – 273,9 млн.долл., импорт – 100,2 млн.долл.), ал 2017 жылы – 314 млн. долларды (экспорт – 191 млн.долл., импорт – 123 млн.долл.) құрады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Астана клубы» отырысында айтқан 2020 жылы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі конференциясын өткізуді, сондай-ақ ядролық арсеналдарды одан әрі қысқарту жөніндегі келіссөздерді жандандыру қажеттілігі бойынша бастамалары туралы хабардар етті.
А. фон Бекерат Швеция Қазақстанның халықаралық аренадағы күш-жігерін жоғары бағалайтынын және оны әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі деп санайтынын атап өтті. Бұған Швецияның сауда саласындағы ынтымақтастығы үшін 26 басым елдің қатарына Қазақстанның енуі дәлел.
Кездесу барысында өңірлік ынтымақтастықтың перспективалары, ЕАЭО аясындағы ынтымақтастық және Орталық Азиядағы ағымдағы үдерістер бойынша терең пікір алмасылды. Ауғанстанды қалпына келтіруге жәрдемдесу мәселелері де талқыланды.
Сонымен қатар, көпжақты форматтағы ынтымақтастық, атап айтқанда 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері ретінде Қазақстан мен Швецияның өзара іс-қимылы, ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік саласындағы, сондай-ақ гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мәселелері ерекше қызығушылық тудырды.
Тараптар ағымдағы жылдың 23 қарашасында Брюссельде өтетін «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» 12-ші Министрлік кездесуіне дайындықты және ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясының дайындалу барысын қарастырды.
Анар Қоныс