Қазақстанға жыл соңына дейін 700 мың шетелдік турист келеді

0

Жыл соңына дейін Қазақстанға 700 мыңға жуық шетелдік турист келеді деп күтілуде. Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев ішкі туризмді дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңесте айтты, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап.

Ержан Еркінбаев ел туризмінің негізгі көрсеткіштері туралы баяндады.

«28 елмен 107 бағыт бойынша халықаралық қатынас, сондай-ақ 77 елдің азаматтары үшін визасыз режим қалпына келтірілді. Ұлттық парктерге келушілер саны да өсті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1,5 миллион адамды құрайды. 2022 жылдың соңына дейін ұлттық парктерге келушілердің санын 1,6 миллионға дейін арттыру жоспарланып отыр», — делінген хабарламада.

Ішкі туризмге келетін болсақ, өткен жылы 6,9 миллион ішкі турист болған, бұл — 2020 және 2019 жылдармен салыстырғанда рекорд көрсеткіш.

eQonaq жүйесінің арқасында туристерді 6 мыңнан астам қолданушы, соның ішінде қонақүйлер, туроператорлар және тіпті жеке тұлғалар тіркейді. Сол арқылы шенеуніктер нақты уақыт режимінде туристердің қайдан келетінін, олардың жасын, жынысын, болу ұзақтығын, сапар бағыты бойынша қалауларын көреді.

Жыл соңына дейін Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестицияларды 708 миллиард теңгеге дейін өсіру жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 31 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.