Қазақстанға кірудің жаңа ережелері: Министрлік шетелден келген азаматтарды карантин деп үйге жабудан бас тартты — Қазақстан жаңалықтары

0

Бүгіннен бастап Қазақстанда Қытайдағы коронавирустың таралу қаупіне байланысты жаңа заң іске қосылды. ҚР денсаулық сақтау министрлігі коронавирус тіркелген елдерден келген азаматтарға медициналық бақылау күшейтуді қолға алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

коронавирус

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 17 ақпандағы қаулысы бүгіннен бастап күшіне енетіндігі жайлы айтылған еді.  Қазіргі таңда аталмыш ережеге бірқатар өзгерістер енгізіліпті: коронавирустық инфекция (Сингапур, Жапония, Таиланд, Оңтүстік Корея, Гонконг және Макао, Тайвань тараған елдерден Қазақстанға келген азаматтар ҚР шекарасын кесіп өткен күннен бастап 24 күн медициналық бақылауда болады — мамандар 14 күн бойы үй-үйді аралап тексереді және 10 күн қашықтан мониторинг жүргізеді.

Коронавирустық инфекция жұқтырған бірлі-жарым жағдай тіркелген (Малайзия, Вьетнам, Германия, Австралия, АҚШ, БАӘ, Канада, Италия) елдерге барып келген адамдар 24 күн қашықтан бақылауда болады.

Алайда, Қытай Халық Республикасынан келген жолаушылар ұшақтан түсе салысымен оқшаулау арқылы 14 күн стационарда карантинге жабылады, олар ауруханадан шыққанан кейін тағы 10 күн қашықтан бақылауда болады.

Ресми және үкіметтік делегация өкілдерінің, сондай-ақ қызметтік және дипломаттық паспорттар иелерінің, авиакомпания ұшқыштарының және қолайсыз аумақтардан келетін экипаж мүшелерінің денсаулығына да 24 күн қашықтан мониторинг жүргізіледі.

Министрліктің хабарлауынша, медициналық ұйымдар 6 қаңтардан бастап Қытайдан келген азаматтардың денсаулығына тұрғылықты жері бойынша мониторинг жүргізуде. Бүгінге дейін 23 мың 801 адам қатаң бақылауда болды, қазір 23 мың 647 адам мониторингтен шығарылды, ал соңғы 14 күнде келген 789 адам, ауруханаға жатқызылғандардың 165-сі әлі де медициналық бақылауда.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам тіркелген жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігі қауіпті, күмәнді аймақтардан келген қазақстандықтарға өзге адамдармен байланысты үзіп, үй жағдайында карантинді жалғастыруды ұсынады. Мамандар бұл жағдайдың әрбір азамат үшін және оның жақындарының денсаулығы үшін маңызды екендігін атап өтіп, сұрақ туындап немесе көмек қажет жағдайда тәулік бойы 1406  нөмірлі Call-орталығы жұмыс істейді деп айтты. 

 

stan.kz