Қазақстанға керек өндіріс пен индустрияны Қытаймен бірлесіп саламыз

0

Қытай мемлекеттік басылымдары «Бір белдеу – бір жол» форумына қатысуға барған Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алған. Назарбаев сұхбатта «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының «тиімділігі» мен Нұр-Сұлтан-Пекин қатынасы жайлы айтады.

«Жэньминь жибао» газетінің жазуынша, Назарбаев «басшылары жиі кездесетін, барлық бағыт бойынша серіктес және халықаралық аренда қатынасы жақсы Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасына жоғары баға берген». «Қытай мен Қазақстан – жақын көрші. 1700 шақырым созылып жатқан ортай шекара – достық пен серіктестік шекарасы» дейді ол.

Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтқан Назарбаев «жобалар тиімділігін» айтқан.

«Бұл — Қазақстанға мол табыс. Біз – мұнай мен газ, металл сияқты байлықтарына өмір сүретін елміз. Бізге керегі басқа – өндіріс пен индустрия. Оны енді Қытаймен бірлесіп салып жатырмыз» дейді Назарбаев.

Экс-президенттің сөзінше, Қытай компаниялары Қазақстан мұнайының 20 пайызын өндіреді. «Қазақстанда 1200-нан аса Қытай үлесі бар компания жұмыс істейді» дейді ол.

Назарбаев Қытайға 25 сәуірде жетіп, 26 сәуірде өткен «Бір белдеу – бір жол» форумына қатысқан. 28 сәуірде Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Назарбаевпен кездесіп, оны «Достық» орденімен марапаттағаны хабарланды. «Достық» ордені — Қытайдың шетел азаматтарына беретін ең жоғары мемлекеттік марапаты. Қытай басылымдарының жазуынша, Си Цзиньпин Назарбаевты «ескі әрі жақын дос» деп атаған.

Пекин — Қазақстанға ең көп инвестиция құятын — төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Оның қаржы құятын жобалары әртүрлі. Мұнай, газ, алтын, күміс өндіріп, арзан кредит беруге ұмтылып жатыр. Қытай Қазақстанды шикізат көзі, сауда нарығы және тразит аймағы ретінде пайдаланады. Былтыр Қытай Қазақстанға 2 миллиард 62 миллион юань көлемінде кредит берген. Астананың Қытайға қарызы 12 миллиард доллардан асады.

2013 жылы басталған құны бір триллион долларға бағаланған «Бір белдеу – бір жол» жобасы Қытайды Еуропамен, Африка және Азия елдерімен байланыстыратын теміржол, порттар мен энергетикалық инфрақұрылымдар салуға бағытталған.

Пекин бағдарлама аясында алты жылдан бері түрлі жобаларға 90 миллион доллар инвестиция құйған. Қытай билігінің басқа ел үкіметтеріне берген қарызы шамамен 200 миллиард долларға жеткен.

«Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын АҚШ пен Еуропа одағына мүше көп ел сынаған. Батыс елдері «Пекин дамушы елдерге қарыз береді. Ал дамушы елдердің қарызды төлеуге мұршасы келмей қалады» деп сөккен.

Azattyq