Home Басты тақырып АЭС-қазақты уыста ұстау құралының бірі

АЭС-қазақты уыста ұстау құралының бірі

0
620

Бүгінде қазақ қоғамында атом электр стансасын салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Физика-математика ғылымдарының кандидаты Эльдар Кнардың айтуынша Қазақстанға атом электр стансасын салуға ешқандай қажеттілік жоқ. Ал оның Президент деңгейінде көтерілуі Қазақстанға Ресей мен Қытайдың бірінің саяси ықпалы болуы мүмкін.

—Қазақстанда атом электр стансасын салу Ақорданың жеке бастамасы немесе ниеті емес. Мұнда Қазақстанда АЭС салуды қолдайтын лоббистердің ықпалы басым. Бұл Ресей немесе Қытайдың лоббистері болуы мүмкін.

Ресейдің жағдайында қарастырсақ олар үшін бұл шынында болашағы бар жобаға жатады. Солтүстіктегі көршіміз қазір әлемдік геосаясаттағы ықпалын, беделін жоғалтты. Енді олар аймақтағы абыройын жоғалтпауға күш салады. Сондықтан Қазақстанда атом электр стансасын салу арқылы ресми Кремль бізді энергетикалық және саяси тұрғыдан өзіне тәуелді етпекші. Біле білгенге атом электр стансасы энергетика өндіру емес. Мұның астарында үлкен саясат жатыр. Атом электр стансасын салу арқылы Ресейдің Қазақстанның ішкі, сыртқы саясаттағы ықпалы артады. Оған қоса орыстарда бұл салада тәжірибе мен кадрлық әлеует бар. Олар қазір соны қазақ жеріне пайдаланып көргісі келеді, — дейді ол.

Сарапшының айтуынша Қытай лоббистерінің көксегені мүлдем басқа нәрсе. Олар экономикалық мақсатты көздейді.

— Қытайдың көптеген провиницияларында манинг компанияларына электр энергетикасын шеттен тыс қолдануға тыйым салды. Сондықтан олар манингтік компанияларды көрші мемлекеттерге жібереді. Ал елде өндірілген электр энергетикасы өздерінің алпауыт өндіріс ошақтарының қажетіне жұмсалады. Бұл тұрғыдан Қытай Қазақстанға үлкен мүмкіндіктер елі ретінде қарайды. Сондықтан Қытай Қазақстанда өздерінің манингтік компанияларын дамыту үшін осы бастаманы Ақорданың аузына салып беріп отыру да ғажап емес, —дейді Эльдар Кнар.

Ғалым Қазақстан өнеркәсібінің қазіргі жағдайында электр энергетикасына тапшылық жоқтығын айтты. Тапшылық байқала қалған жағдайда оны АЭС салудан бұрын электр жүйелерін жетілдіру арқылы шешуге болады.

— Біз энергетиканы сақтау, үнемдеу жайында үнемі айтамыз. Алайда электр жүйелерінің тозығы жеткендіктен электр энергиясының 21 пайызы тұтынушыға жетпей жатады. АЭС салмай елдегі электр жүйесін жаңарту арқылы энергияның 10 пайызын үнемдей аламыз. Сонымен қатар экономикадағы басымдықты өзгерту керек. Қазір біздегі басты басымдық индустриаландыру. Индустриалдандыру саласы қуат көзінің жартысын қажетсінеді. Сондықтан индустриалдандыруды электр энергетикасының небәрі 2-5 пайызын қажет ететін аграрлық секторды дамытумен алмастыруға болады, — дейді ғалым.

Болат МЫЛТЫҚ

kznews.kz