қазақстандықтардың кредит қарызы 4 триллионнан асты
Ұлттық банк төрағасының мәліметінше, қазір 670 000 адам кредитін төлей алмай жүр
НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Парламент сенаты отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жеке тұлғалардың кридетіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, бүгінде екінші деңгейлі банктерде жеке тұлғаларға тиесілі қарыздың жалпы сомасы 6 триллион теңгеге жуықтады. Ал несие алған 2 миллион адам өз қарызын қайтара алмай отыр. Соның нәтижесінде қайтарылмаған несиелердің сомасы 3 триллион теңгеге жетті.
Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағын кредитті жабуға пайдалануға бола ма — Ұлттық банк жауап берді
Ал бас банкир Досаевтың сөзіне қарағанда, жеке тұлғалардың жалпы қарызы — 6 триллион емес, 4 триллион 100 миллиард теңге. Бұл – ресми статистиканың мәліметі.
«Оның ішінде біздің ипотекамыз, кепілсіз несиелер мен автонесиелер бар. 2017-2018 жылдардың ішінде банктер берген осындай несиелердің сомасы 47 процентке көтерілді. Енді, оған қатысты сұрақтарымыз бар. Бірақ бүгінде несиені төлемеген адамдардың саны 2 миллион емес, 670 000 адам біздің кредиттік бюромызда тұр», — деді Досаев сенат отырысында.
Қазір Ұлттық банк үкіметпен бірлесе отырып, көмек беру шараларын әзірлеп жатыр. Бұл жұмыс екі аптаның ішінде аяқталуы қажет.
Тағы оқыңыз: Кредит тарихы нашар қазақстандықтар жұмысқа қабылданбауы мүмкін
«Алдымыздағы екі жетінің ішінде сол жұмыстарды бірге бітіреміз деп ойлап отырмыз. Қандай көмек бере алатынымызды. Бір жағынан айыппұл мен өсімақыны бөлеміз, сосын қалған қарыздарды… Содан қандай көмек, қандай мүмкіншілік болады, бүгін соны санап жатырмыз», — деді Досаев.
sputniknews.kz