қазақстандықтар Тоқаевқа хат дайындап жатыр

0
48

Tengri Bank төтенше жағдай кезінде жағдайды тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қолға алынғанын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Tengri Bank клиенттері ұзақ уақыт бойы банктегі шотынан ақша шеше алмай жүр. Осыған байланысты олар бас прокуратура мен президентке хат жазбақ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ал банктің өзі операциялық қызмет жақын арада қайта қалпына келеді деп сендіруде.

Карантин кезінде ақшасыз қалды

Tengri Bank-те транзакциялармен проблема сәуір айының басында басталған, дейді банк клиенті Роман Миразимов Sputnik Қазақстанға берген сұқбатында.

Айтуынша, халық банкоматтан ақша шеше алмаған, қаражат мобильді қосымша арқылы басқа карталарға да аударылмайды.

«Біз қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіндік. Жауап болған жоқ. Біздің проблемаға бей-жай қарағаны ашуымызды келтірді. Агенттік пен Tengri Bank бізбен байланысқа шықпайды.  WhatsApp-тағы топта жүзден аса адам жиналып қалды: біз бас прокуратура, сондай-ақ президенттің атына ұжымдық хат дайындап жатырмыз», – деді Миразимов.

Ол төтенше жағдай кезінде адамдар ақшасыз қалғанын айтты.

«Кейбірі, тіпті, аш отыр. Агенттік пен банктің өзі ресми түрде ақшаны шешіп алуға болатынын мәлімдейді –  50 мың теңгеге дейін. Мен кеше ғана шешпекші болдым, бірақ ала алмадым. Топтағы басқа клиенттерде де солай. Оның ішіне жалақы карточкасы да бар»,- деді ол.

Tengri Bank түсініктемесі

Халықаралық Moody’s Investors Service рейтинг агенттігі Tengri Bank-тің ұзақмерзімді депозит рейтингін төмендетті.

Банк өтімділікті едәуір нығайту шараларын қабылдап, акционерлердің қолдауына ие болса, рейтинг Саа3 белгісінен көтеріледі.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда банк шотынан ақша шешіп алуға шектеу енгізілді

«Әлемдік қаржы нарығындағы қалыптасқан жағдайға байланысты банк шектеулі режимде жұмыс істеп тұр. Елдегі төтенше жағдай режимі кезінде біз өтімділікпен байланысты жағдайды тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл мәселелерді реттеушімен және акционерлермен, соның ішінде негізгі акционар – Punjab National Bank-пен де талқылау үстіндеміз»,- деп мәлімдеді Tengri Bank баспасөз қызметінен.

Банк операциялық қызметін қалпына келтіріп, төлемдер мен аударымдар жүргізуді жоспарлап отыр, делінген хабарламада.

Tengri Bank банкрот па, жоқ па?

Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, банктің төмен рейтингі оның өз депозиторлары алдында жауап беру қабілетінің төмендегенін білдіреді.

«Бұл банкроттық емес. Рейтинг агенттіктері көп жағдайда болған оқиғаларды негізге алады», – деді ол Sputnik Қазақстанға.

Ол Tengri Bank төңірегіндегі мәселеде үш нәрсеге назар аудару қажет екенін атап өтті.

Тағы оқыңыз: Байығыңыз келсе: қазақстандық маман қандай санның ақша тартатынын айтты

«Біріншіден, банктің экономикаға ықпалы болмашы ғана. Ал бұл дегеніміз реттеуші оны құтқаруға аса мүдделі емес. Бізде, негізінен, банктерді емес, салымшыларды құтқаратынын атап өткім келеді. Екіншіден, Tengri Bank-тің проблемалары салымшылардың байбаламынан кейін басталған жоқ. Сондықтан бұл жерде «қосымша қарызға» дәмеленудің қажеті жоқ», – деді ол.

Үшіншіден, егер акционер тарапынан нақты кепілдік болса, банкке кредит берілер еді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков 16 наурызда: «Банкроттық туралы айтуға негіз жоқ. Қаржы институтын қолдау, ең алдымен, банк пен акционерлердің міндеті», деп атап өткен еді.



sputniknews.kz