Қазақстандықтар тегін оқи алатын елдер саны артты
ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен жасалған үкіметаралық келісімдер шеңберінде қазақстандықтар тегін оқи алатын елдер саны артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрліктен мәлім еткендей, ендігіде қазақстандықтарға гранттарды Словакия, Әзербайжан және Вьетнам елдері бөле бастайды. Осылайша, егер 2019 жылы білім беру саласындағы келісімдер аясында мемлекеттер тізімінде 7 ел болса, 2021 жылы олардың саны 10-ға дейін артты.
10 мемлекеттің қатарында сондай-ақ Венгрия, Польша, Қытай, Украина, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан бар.
БҒМ ақпаратына сүйенсек, өткен екі жылда мыңға жуық қазақстандық осы елдердің жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алды. Биыл қазақстандықтарға 500-ге жуық грант бөлінді. Үкіметаралық гранттар аясында қазақстандықтар бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламалары бойынша оқи алады.
«Біз «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы бойынша ғана емес, үкіметаралық келісімдер шеңберінде де қазақстандықтарды тегін оқыту үшін елдер географиясын кеңейтіп жатырмыз. Қазақстанға оралғаннан кейін мамандар алған білімдерін өздері еңбек ететін саланы дамыту үшін қолданады деп үміттенеміз», – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
2019 жылмен салыстырғанда конкурстық іріктеуге қатысуға ниет білдірушілер саны 15% артты. Үміткерлерді іріктеуді депутаттар, сарапшылар, инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының ғалым-докторларынан тұратын Тәуелсіз комиссия жүргізеді.
Үкіметаралық келісімдердің операторы – ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығы.