«Қазақстандықтар шүкіршілік етуді білмейді»: Министр Саясат Нұрбек елімізде жоғары білім алу өте қолжетімді екенін айтты

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Jibek Joly TV арнасына берген сұхбатында қазақстандықтардың шүкіршілік етпейтінін, өйткені біздің елде жоғары білім алу өте қолжетімді екенін айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Саясат Нұрбек елімізде 25 жастан төмен 1 миллиардтан астам жас бар және олар қазір жоғары білім алудың баламаларын іздеп жатқанын атап өтті.
«Қазақстанның алдында ерекше мүмкіндік терезесі ашылып тұр, бірақ ол жақын арада жабылуы мүмкін. Сондықтан соңғы екі жылда біз бұл мүмкіндікті барынша пайдалану үшін әлемді шарлап, белсенді жұмыс істедік. Бұл мүмкіндік неде? Үлкен Еуразия деп аталатын кең аймақта – яғни біздің макрорегионымызда – 2 миллиардтан астам адам тұрады. Африкадан кейінгі ең жоғары туу көрсеткіші дәл осы аймақта тіркелген, яғни әлемде екінші орында. Көп адам мұны елестете де алмайды. Жалпы, қазақстандықтар шүкіршілік етуді білмейді. Қандай тұрғыдан? Әлем халқы 8 миллиардтан асса да, күндізгі бөлімде толыққанды жоғары білім алатындар саны 350 миллионнан аспайды», – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің сөзінше, жоғары білімі бар азаматтар – бақытты адамдар. Тіпті кейбіреулерінің дипломдары сөреде шаң басып жатқанын еске салды
«Бір емес, екі дипломы барлар да көп. Таңдап алуға да болады. Нағыз бақыт. Қазақстанда жоғары білім алу мүмкіндігі әрдайым жақсы болды, тарихи тұрғыдан алғанда қолжетімділігі кең еді. Бәлкім, оның сапасы әрдайым жоғары болмады, бірақ білім алу оңай болатын», – деді Саясат Нұрбек.
Еске салайық, бұған дейін отандасымыз Жасұлан Темірбаев “Болашақ” бағдарламасына тапсырмақ болды. Алайда сұхбат барысында комиссия мүшелерінің бірі оның орыс тілінде акцентпен сөйлегенін желеу етіп, іріктеу кезеңінен өткізбей қоған. Спорт медицинасын оқып жүрген қазақстандықтың басынан өткен бұл жағдай желіде қызу талқыға түсті.