Қазақстандықтар мамыр айында да 42 500 теңге алады – президент
Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға көмек береді. Қайтадан өтінім жіберудің қажеті жоқ
НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Төтенше жағдайға байланысты кірісінен айырылған азаматтарға мамыр айында да әлеуметтік төлем төленеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде көмек береді. Қайтадан өтінім жіберудің қажеті жоқ. Төлем бұрын ұсынылған құжат бойынша жүзеге асырылады», — деп Ақорданың баспасөз қызметі президенттің сөзінен үзінді келтірді.
Сонымен қатар, мұқтаж отбасылар азық-түлік алады.
«Оқшаулану кезінде ата-аналарға кішкентай балаларымен төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес. Мемлекеттік комиссия әкімдіктермен бірлесіп, аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесін ойластыруы тиіс. Әрине, алдымен, барлық санитарлық норма мен санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек», — деп ескертті Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев төтенше жағдай режимін ұзартатынын мәлімдеді
Бұдан бөлек, президент саяжай тұрғындарының мәселесін де қозғады. Мемлекеттік комиссия бұл мәселені қарап, шешу жолын айтады.
sputniknews.kz