Қазақстандықтар Лондон марафонында «Шындықтан құтыла алмайсың» баннерін ілді

0

Ұлыбританияда тұратын бірнеше қазақстандық 28 сәуірде өткен Лондон марафоны кезінде жол жиегіне «Шындықтан құтыла алмайсың. #меніңтаңдауымбар, #adilsailayushin» деген жазуы бар баннер ілді. Бұл туралы Азаттыққа акцияны ұйымдастырғандардың бірі хабарлады.

Баннерді ілгендер қауіпсіздік үшін аты-жөндерін жарияламауды сұрады. Олар Алматы марафоны кезінде қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековке қолдау білдірген.

Баннер ілгендердің сөзінше, Лондон марафоны кезінде полиция тарапынан ешқандай кедергі болмаған.

Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Сотта олар бұл баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жұрттың назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан еді. Сот осы акцияны түсірген тағы үш белсендіні — Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да «митинг өткізу тәртібін бұзды» деп, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары — Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.

Чехия, Франция, Ұлыбритания, Грузия, Италияда оқитын қазақстандық студенттер осы елдердеТөлесова мен Толымбековті қолдап, «Шындықтан құтыла алмайсың» акциясын өткізген.

Azattyq