қазақстандықтар кіші қажылыққа уақытша бара алмайтын болды
Сауд Арабиясының сыртқы істер министрлігі коронавирустың таралу қаупі жоғары елдердің азаматтары үшін туристік және ұмра визасының берілуін де уақытша тоқтатты
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Сауд Арабиясы әлемге қауіп төндіріп тұрған коронавирус індетінен сақтану мақсатында ұмра қажылығын жасау үшін Мекке мен Мәдина қалаларына кіруді уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
Корольдіктің сыртқы істер министрлігі коронавирустың таралу қаупі жоғары елдердің азаматтары үшін туристік және ұмра визасының берілуін де уақытша тоқтатты. Сондай-ақ тек коронавирустың таралу қаупі бар елдерден келген туристік виза иелеріне ғана емес, әлемнің әр түпкірінен келген туристерге елге кіруге тыйым салды.
Ұмра маусымын ұйымдастыруда да биыл Сауд Арабия Корольдігі бірқатар өзгеріс жасады. Бұдан былай әлемнің 49 елі Сауд Арабиясына бір жылдық туристік виза рәсімдеу мүмкіндігіне қол жеткізді. Оның ішінде Қазақстан да бар (виза 1 жылға беріледі. Бірнеше рет кіріп-шығу мүмкіндігі бар. Бір кіргенде 3 айға дейін қалуға болады).
Тағы оқыңыз: «Он түнді ұйқысыз өткіздім»: кіші қажылыққа барған алматылықтың әңгімесі
Алайда Сауд Арабия ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, туристік виза рәсімдеу мүмкіндігіне қол жеткізген 49 мемлекеттің ішінен 22 мемлекетке туристік визамен кіру уақытша тоқтатылды. Олар – Қытай, Иран, Италия, Корея, Жапония, Тайланд, Малайзия, Индонезия, Пәкістан, Ауғанстан, Ирак, Филиппин, Сингапур, Үндістан, Ливан, Сирия, Йемен, Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Сомали, Вьетнам.
Қытайдағы коронавирус
Айта кетсек, 2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына елдің орталық бөлігіндегі Ухань қаласында (Хубэй провинциясы) белгісіз пневмонияның өршіп жатқанын хабарлады. Мамандар аурудың қоздырғышын анықтай келе, бұл жаңа коронавирус екенін мәлімдеді. ДДҰ індетті халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялап, ауруды ресми түрде COVID-19 атады.
sputniknews.kz