Қазақстандықтар дүкендегі азық-түлікті жаппай сатып алып жатқаны рас па?
Сауда желісінің өкілі тек Алматы мен елордадағы супермаркеттерде кезек болғанын айтты. Жалпы алғанда сатып алушылардың саны тек 10 процентке артқан
АЛМАТЫ, 12 наурыз — Sputnik. Коронавирусқа қатысты билік мәлімдемесінен кейін Алматыдағы гипермаркеттердің бірінде ұзын-сонар кезек болды. Magnum өкілі Sputnik Қазақстанға айтарлықтай еш нәрсе болмағанын айтты. Жалпы алғанда сатып алушылардың саны тек 10 процентке артқан.
Бейсенбі күні Қазнетте Magnum гипермаркеттер желісінде кезекте тұрған адамдардың видеосы тарай бастады.
Кадрде адамдар дүкен сөрелеріндегі азық-түлікті жаппай сатып алып жатқаны көрінеді. Қазақстандықтар бірнеше қап қант, ұн мен жарма ала бастады. Касса маңында ұзын-сонар кезек болған.
Magnum-ның PR қызметі дүрбелең тек Алматы және астанадағы дүкендерде болғанын айтты.
«Екі филиалда расымен де адам көп болды. Біреуі Алматыдағы Гагарин көшесінде, екіншісі астанадағы Тұран даңғылында орналасқан. Бірақ айтарлықтай жағдай болған жоқ», — деді Magnum дүкендер желісінің PR-директоры Дмитрий Шишкин.
Ол халыққа дүрбелеңге бой алдырмауға кеңес берді.
«Бізде және бізге тауар ұсынушыларда азық-түлік қоры жеткілікті. Баға тұрақты болады, өзгермейді. Тауар жеткізушілермен осындай келісім жасалған болатын», — деді Magnum-да.
Сондай-ақ, Дмитрий Шишкин гипермаркетте қай уақытта кезек болмайтынын айтты.
«Таңертең сағат 12-ге дейін келуге болады немесе түстен кейін сағат 16-дан 18-ге дейін келген дұрыс. Осы уақыттарда адам аз болады», — деді ол.
Айта кетсек, супермаркеттер мен базарлар қалыпты режимде жұмыс істейді.
Коронавирус қаупі
Қазақстанда 13 наурыздан бастап бұқаралық шараларға, соның ішінде мерекелік, спорттық, мәдени-көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар мен көрмелерге тыйым салынады.
Сонымен қатар, кинотеатрлар мен театрлардың жұмысы уақытша тоқтайды. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары 21 наурыздан емес, 16-сынан бастап каникулға шығады.
Тағы оқыңыз: «Бұл нақты дерек»: дәрігерлер Қытайдан Нұр-Сұлтанға келген қызға диагноз қойды
Президент Наурыз мерекесіне арналған шараларды және әскери парадты өткізбеу жөнінде тапсырма берді.
12 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам тіркелген жоқ.
sputniknews.kz