Қазақстандықтар бұдан былай зейнетақы жинақтарынан жеке табыс салығын төлемейді
Биыл еліміздегі жаңа Салық кодексінен жеке табыс салығын (ЖТС) алып тастау жоспарланып отыр. 2026 жылдан бастап шекті зейнетақы жинақтарын қажетіне алған жағдайда ол үшін жеке табыс салығы ұсталмайды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бухгалтер Әйгерім Рахымқызы желіде қазақстандықтарға бұл өзгерісті түсіндіріп берді.
«2026 жылдан бастап зейнетақы жинағы шекті нормадан асса, онда қаражатты емге немесе баспанаға алған кезде ол үшін жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталмайды. Бұл қаражатты айтарлықтай үнемдеуге (сондай-ақ бұрын алынған зейнетақы жинақтары бойынша ЖТС бойынша борышты кешіруге ) мүмкіндік береді», – деді бухгалтер.
Қаражатты алуға мүмкіндік беретін жеткілікті шек жыл сайын 1 қаңтарда емес, салымшының жаңа жасына байланысты өзгеріп отырады.
«Егер сіз 2025 жылдың шілдесінде 30 жасқа толсаңыз, жинақтың жаңа шегі де сіздің туған күніңізден басталады. Осы уақытқа дейін 29 жылға арналған шекті мән қолданылады. Осылайша, жас шегі күнтізбелік жылмен емес, сіздің жеке туған күніңізбен байланысты», — деп қосты бухгалтер.
Астаналық Әйгерім Омар әпкесіне ипотеканың бір бөлігін өтеу үшін артық зейнетақы жинақтарын беру кезінде 270 мың теңге салық салынғанын айтады. Енді ол бұл қарызды ЖТС бойынша есептен шығарса дейді.
«Бұл салық төленген зейнетақы төлемдеріне қайта салық төлеу ғой. Бұл недеген сандырақ?» — деп қосты әйел.
Бүгінде қазақстандықтар тұрғын үй жағдайларын немес басқа да мұқтаждықтарды жақсарту үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алса, оған жеке тұлғалардың табыстарына (ЖТС) 10% ставка бойынша салық салынады.
Салымшыларға ыңғайлы болу үшін салық төлеудің екі нұсқасы қарастырылған:
- зейнетке шыққан сәттен бастап 16 жылда салықты тең бөліктермен төлеу;
- жинақтарды алу кезінде бірден төлеу.
Қаражатты алуға өтініш берген кезде салықты төлеудің ыңғайлы нұсқасын бірден таңдау керек.
2023 жылы салық заңнамасын жақсартуды талқылау кезінде парламент депутаттары зейнетақы жинақтарынан төлемдер кезінде жеке табыс салығын (ЖТС) ұстап қалуды міндеттейтін нормаларды алып тастауды ұсынған заң жобасын қарады. Бұл шара 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін Салық кодексіндегі өзгерістерді талқылаудың бір бөлігі болды.
Министрлікте атап өткендей, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жіберілетін Зейнетақы жинақтарын қор ұзақ уақыт бойы инвестициялар, оның ішінде бағалы қағаздарға инвестициялар үшін пайдаланады. Бұл экономикалық дамуға ықпал етеді. Демек бұл қаражат БЖЗҚ-ның да, азаматтардың жеке жинақтарының да инвестициялық саясатында өз рөлін атқарады.
Жоба БЖЗҚ-ның өзін қоса алғанда, барлық мүдделі тараптармен келісілді және 2024 жылғы 28 тамызда одан әрі талқылау үшін парламент мәжілісіне енгізілді.
Ведомствоның есептеулері бойынша зейнетақы төлемдерінен ЖТС-ны алып тастау жергілікті бюджеттің жыл сайын шамамен 14,8 миллиард теңге көлеміндегі шығынына әкелуі мүмкін.