Қазақстандықтар бірінші маусымнан бастап қай мемлекеттерге бара алады – Қазақстан жаңалықтары

0
1

Қазақстандықтар жақын арада қай мемлекеттерге бара алатыны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтып берді. Министрдің айтуы бойыша әуе рейстері әуелі коронавирус қаупі аз мемлекеттерге ғана рұқсат беріледі. 

«Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша бірінші маусымнан бастап қауіптілік деңгейі төмен мемлекеттер тізімі бойынша әуе қатынастары жанданады. Ол тізімге Әзірбайжан, Оңтүстік Корея және Қытай кіреді», – дейді Атамқұлов.

Қазіргі таңда министрлік тарапынан бірқатар келіссөздер жүргізілуде. Көп ұзамай бұл жұмыстар аяқталып, әуе қатынастары біртіндеп қалпына келмек. 

«Осы мемлекеттердің авиациялық әкімшіліктерімен келіссөздер жүргізуді бастап кеттік. Бұл жұмыстар тек қана біздің тарапымыздан жасалған келіссөздер емес, біз денсаулық сақтау министрлігімен келісе отырып жұмыс жүргізудеміз. Ұшуға рұқсат, аэропорттардағы жағдайды қадағалау, тексеріс жүргізу мәселелері талқылануда», – дейді министр.

Сонымен қатар, Бейбіт Атамқұлов виза бойынша кейбір мәселелердің шешіліп жатқандығын тілге тиек етті. Эпидемияның мемлекет аралық қатынастарға тигізген әсерін айтқан ол бұрын визасыз баруға болатын мемлекеттерде қазір талаптың күшейгенін жеткізді.

«Сыртқы істер министрлігі де қызу жұмыс жасап жатыр. Өйткені көптеген мемлекеттер визаға қатысты келісімшарттарды жойды. Бұрын визасыз жүйе болса, ал қазір жағдай өзгертілген. Мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдай бойынша біз екінші этапты да қамтамассыз етуіміз керек. Ол мемлекеттер қатарына Чехия, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері, Тайланд және Түркия кіреді», – дейді ол.

Алайда, вирус жұқтырғандардың қатары көбейіп, жағдай нашарласа рейстерге қайта тыйым салуы әбден мүмкін. Сол себепті министрлік барлық жағдайды бақылауында ұстайтын болады дейді Атамқұлов. 

«Бас санитарлық дәрігер бұл мемекеттердегі төтенше жағдайды қадағалап отырады. Егер жағдай нашарлайтын болса, әуе қатынасын тоқтататын боламыз. Авиация коронавирустың таралуына байланысты үлкен соққы алды. Біздің авиакомпанияларымыз әуе қатынастарының қалпына келгенін тағатсыздана күтуде», – дейді Бейбіт Атамқұлов.

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз