Қазақстандықтар 16 жастан бастап жыныстық қатынасқа түсетіні анықталды
Қоғамдық пікірді зерттеу институты Қазақстанда 15-19 жастағы жастардың үштен бір бөлігі жыныстық қатынасқа түсетінін айтты.
Сондай-ақ, орталық зерттеу барысында әр бесінші қазақстандық жасөспірімнің мүшеқап пайдаланбайтынын анықтаған деп хабарлайды Sputnik. Сауалнамаға республиканың барлық өңірінен 4360 жасөспірім қатысқан екен. Олардың қатарындағы қыздар мен жігіттердің жалпы саны тең болыпты. Анықталғандай, зерттеуге қатысқан жасөспірімдердің ішінде 1500-і екі немесе одан да көп адаммен жыныстық қатынасқа түскендерін айтқан.
«19 жастағылардың 57 %-ы жыныстық өмір сүреді. Жастардың үштен бір бөлігі жыныстық жағынан белсенді. Жыныстық қатынасты бастайтын орташа жас мөлшері – 16 жарым. Біреу ерте, біреу кеш бастайды, бірақ орташа жас шамасы осы», — деп хабарлаған қоғамдық пікірді зерттеу орталығы деректерді талдау және өңдеу бөлімінің жетекшісі Айжан Шәбденова.
Сарапшының айтуынша, жыныстық қатынасқа түсетін жастардың ішінде қалада тұратын жасөспірімдер серіктерін жиі ауыстырады және 15-19 жас аралығындағы әр бесінші қазақстандық мүшеқап пайдаланбайды екен. Сондай-ақ, Қазақстанда 15-19 жас аралығындағы қыздардың 16,7 %-ының аяғы ауыр болып, көбісі сәбиін өмірге әкелетін көрінеді.