Қазақстандық журналист Түркияда екі жасар қызымен бірге ірі жол апатынан көз жұмды

0

Түркиядағы ірі жол апатынан атыраулық журналист екі жасар қызымен бірге көз жұмды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Белгілі журналист, «Зейін Атырау» ерекше балаларды оңалту орталығының негізін қалаған Арайлым Бағытжан Түркия елінде ірі жол апатына түсіп, өмірден өтті.

Айта кетсек, Анталья қаласындағы ірі жол-көлік оқиғасынан үш адам көз жұмып, 17 адам жарақат алды. Оның алтауы Түркия, жетеуі Израиль, екеуі Ресей, екеуі Қазақстан азаматтары екені белгілі болған еді.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев журналситің қазасына қайғырып көңіл білдірді.

«Антальядан суық хабар келіп жатыр… Белгілі журналист, «Зейін Атырау» ерекше балаларды оңалту орталығының негізін қалаған Арайлым Бағытжан Антальядағы ірі жол апатына түсіп, өмірден өтті. Әріптесімізбен бірге кішкентай сәбиі де о дүниелік болды. Жолдасы қиын жағдайда ауруханада жатыр. Қазіргі уақытта Түркиядағы Қазақстан елшілігімен арада келісімдер жүргізіліп, ауруханада қиын жағдайда жатқан бауырымыздың тиісті ем алуына жағдай жасалуда. Жерлестеріміздің сүйегін елге алдыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамын» делінген хабарламада.

Сондай-ақ марқұмның әріптестері де журналист туралы жылы естеліктерімен бөлісіп жатыр.

«Арай ақкөңіл, елден ерек елгезек жан болатын. Атпал азаматтар атқара бермейтін істердің басы-қасында Арай жүрді. Енді ғана алашқа аты шығып, атқа қонар шақта мезгілісіз өмірден өткені біздердің, әріптестерінің жанына қатты батуда», – дейді марқұмның әріптесі Амандық Сағынтайұлы.