Қазақстандық журналист Киевтегі жындыханаға түсіп қалды — новости Казахстана
Биылғы жылдың көктем айында Украинаға турист ретінде барған Лиана Байымбетова есімді тілші Киевтің жындыханасынан бір-ақ шыққан деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ақтөбе тұрғыны Лиана Байымбетова Украина астанасының психиатриялық емханасына жатқызылған.
Бұл жайында Киевтің Александра Монетова-Федорова есімді тұрғыны мәлім етті.
Александра осыдан бірнеше апта бұрын қала орталығындағы синагога жанынан өз-өзімен сөйлесіп тұрған әйелді байқапты.
«Шетелдік екені көрініп тұрды. Бірақ орыс тілінде таза сөйлейді екен. Көшеде түнеп жүр. Ақыл-есі дұрыс емес екені бірден байқалды.
Өзінен не істеп жүргенін сұрасам, біреуді күтіп тұрғанын, Ресейден бір ер адамның келетінін айтты. Бірақ жанында ешкім жоқ.
Ол өз-өзімен сөйлесіп, істемейтін телефон аппаратына барды. Кейде өзін дұрыс ұстайды. Әйелдің жағдайы мәз емес екені байқалып тұрды», — деді Александра Монетова-Федорова.
34 жастағы Байымбетова Лиана Таңатарқызы Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауданынан екенін, соңғы жылдары аға-жеңгесімен Ақтөбе қаласында тұратынын да Александраға айтып берген.
«Оның көше қаңғыбасы емес екені көрініп тұр. Күн суытып қалғандықтан, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болдық. Оны Павлов атындағы психиатриялық ауруханаға жатқызды», — деді Киев тұрғыны.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, азаматшаның ісімен Қазақстан елшілігінің Киевтегі консулдық бөлімі айналысып жатыр.
«Қазір жергілікті психиатриялық емханада ем қабылдап жатыр. Азаматшаның әкесіне хабар бердік. Ол жаққа турист болып барып, қараша айының басында емханаға түсіпті», — деп түсіндірді Sputnik Қазақстанға сыртқы істер министрлігі.
Айта кетейік, Лиана Байымбетованың әкесі қызымен үш-төрт айдан бері байланысқа шықпағанын мәлім еткен. Сондай-ақ, қаражаты жоқ болғандықтан, қазір қызын іздеп бара алмайтынын да айтыпты.