Қазақстандық жігіттің митинг өткізу туралы өтініші 35 рет қайтарылды, бірақ ол көздегеніне жетті. Әлнұр Ильяшев деген кім?
Әлнұр Ильяшев — елімізде бейбіт митинг өткізуді көздеп, мақсатына 36-шы рет өтініш білдіргенде жеткен алматылық белсенді. Оның бастамасымен оңтүстік астанада өткен шараға өз құқығын қорғауды негізге алып жастар да кәрілер де шықты. Ильяшев Stan.kz тілшісімен сұхбаттасып, неліктен митинг өткізуге талпынғанын, не үшін полициядан өзін тұтқындауды сұрағанын айтып беріп, саясаткер болуға қатысты пікірімен бөлісті.
Әлнұр, 30 маусым күні өткен митингі жайлы сөз қозғасақ. Ойдағыдай өтті ме? Жалпы Алматыда митинг өткізуге бірнеше рет талпынуыңыздың себебі неде?
Азаматтардың құқығы өз елінде билік органдарының тарапынан тапталып жатыр, кешегі Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков мұның бір үлгісі. Екеуі бар болғаны сөз бен ой бостандығына қатысты пікірлерін білдіруге шыққан еді, істің аяғы жақсы бітпеді. Сосын осыдан кейін мамырдың бірі, тоғызы, оны, он екісі орын алған көтерілістер шыдамның да шегі бар екенін көрсетті. Ал сайлау әділетсіз өтіп, бұрмаланғаннан кейін халықтың төзімі таусылды. Қарсылық толқынын тудыртқан жағдайлардың барлығын соңына дейін жетілдіру қажеттілігі туындады. Менсіз де елде не болып жатқанын бәрі жақсы біледі ғой, бұрыннан айтып жүр. Мен тек айтылған сөздерге дәлелдерді жинап, ресми хаттар жазып, мемлекеттің позициясын айқындадым. Нақтырақ айтқанда, биліктің қай кезде жалған сөйлегенін, қай уақытта заңға қарсы әрекет жасағанын құжатқа айналдырып, шағымымды білдірдім. Өзгелерден артықшылығым осында болар.
Былтыр да өз құқығын жүзеге асыруды көздеп жүрген адамға кедергі келтірудің мән мен мағынасы жоқ екенін көрсеткім келді. 2017 жылы алғаш рет бейбіт митинг өткізуге өтініш білдіргенде жүйенің оны қабылдамайтынын жақсы білдім. Түрлі шаралардың өтетінін сылтауратады, былтыр жолдың жөнделетінін айтып, екі-үш өтінішпен бетімді қайтарып тастады. Ал осы жолы бірнеше оқиғалардың шиеленіскені ескерілді. Оның үстіне Қасым-Жомарт Тоқаев «Евроньюс» тілшісіне берген сұхбатында елімізде заңдардың ауысатынын, митинг өткізуге рұқсат берілетінін айтып, күллі әлемге жар салған еді. Биліктің сөзі іс жүзінде жүзеге асатынын не аспайтынын тағы да бір рет тексергім келді. Себебі, сайлаудың да әділ өтетіні айтылған. Бірақ түбінде бәрібір әділетсіз өтті.
Біздің бейбіт өмірге митингпен кедергі келтірмеңіздер, мен құстардың әніне оянуға мүмкіндік беретін елде өмір сүріп жатырмын, деп айтқандар болды. Осыған қатысты берер жауабыңыз?
Арыстағы оқиғадан кейін, әлеуметтік желі қолданушылары видоедағы құстардың әніне оянатын, жарылыстарды естімейтін қызды сұрап жазған еді. Иә, Құдайға шүкір бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Бірақ Алла Тағала бергенді құрдан-құр бағал отыра беруді де дұрыс деуге келмейді. Біз елімізде ненің дұрыс, ненің бұрыс жасалып жатқанын бақылап, кемшіліктерді іздеп тауып, олармен жұмыс істейміз, өзімізді дамытып, деңгейімізді көтеріп отырамыз. Бұл күнделікті сынақ. Менің ойымша, адамның шынайы өмірді қалай қабылдайтыны және басқаларға ол жайлы өз түсінігін қалай жеткізгісі келетіні — бір сұрақ. Адамдардың осыған қатысты ойы екі арнаға бөлінеді. Сөзге келгенде бір нәрсе, іске келгенде мүлдем басқа нәрсе жүзеге асырғанда, олар екі жүзділікті байқайды. Сол сияқты мемлекеттік органдар сайлауды әділ өткізетінін насихаттап жатқанда, қазақстандықтар шын мәнінде ешқандай әділдіктің жоқ екеніне көз жеткізді.
Ал Арыстағы жағдай жүйеде кеткен қателіктің салдары. Сол аймақтың тұрғындарын қауіпсіздікпен қамтамасыз етпеудің нәтижесі үлкен қайғыға ұласты. Қаншама адам бар мүлкінен айырылды, бірнеше отандасымыз дүниеден озып кетті. Ал енді осының кесірінен өмірі қылға байланған адамдардың жағдайы ары қарай не болары, бұл оқиғаның немен аяқталатыны әзірге белгісіз.
Арысқа қатысты да осыны айта аламын. Тұрғындар он жылдың ішінде төртінші рет жарылыс болғанда ғана мұңын шаға бастады деп ойламаймын. Осыған дейін де зерттеулер жүргізіп, үш жарылыстан нәтиже шығаруды талап еткен шығар. Бірақ әдеттегідей біреу есеп беру кезінде жабулы қазан жабулы қалсын деумен барлығы жақсы, керемет екенін айтқан болар.
Ондаған өтініштерден кейін, полицияға барып, қызметкерлерден өзіңізді тұтқынға алуын сұрапсыз. Бұл қаншалықты рас? Оқиға қалай өрбіді?
Полицияға барып, олардың алдынан өтіп те, өтпей де өз құқығымды жүзеге асыра алатынымды айттым. Бұған деген сенімділігімді көрсету үшін полицейлерге беріле салатынымды да ескердім. Шараға дейін он бір күн бар. Бұл құқық бұзушылықтың максималды жазасын өтеу үшін он күн қамауда болып, он бірінші күні шығамын. Шыққан соң, құқығымды жүзеге асырамын деп ойладым. Қандай жағдай болмасын, айтқан сөзімнен қайтпайтынымды жеткіздім. Полиция департаментіне жазған хатымда олар мені тұтқындаса, бұл бейбіт митинг өткізу туралы шешімім мақұлданды дегенді білдіретінін түсіндірдім. Сондай-ақ оларға үнсіздік таныту арқылы менің бастамамды негізделген іс ретінде құптайтындарын түсіндірдім. Кейін мені тұтқынға алуға құқықтары болмайтынын айтып ескерттім.
Саясаткер болғыңыз келеді ме?
Менің ойымша, саясаткер болмай-ақ процесске әсер ету ортақ трендке айналған. Мен өзімнің азаматтық ұстанымымды айта аламын, пікірім бар және мен жалғыз емеспін. Мен секілді достарым бар. Мүмкін менде іс-әрекет арқылы көпшілікке ойымды жақсы жеткізуге көмектесетін қабілетім бар болар. Қарапайым тілмен айтқанда мен елдегі жағдайларға бейжай қарамайтын, «Билік соңы» (Конец власти) деген кітапты оқып жүрген белсендімін. Қазір билік өзгеріп жатыр және оған қатысты пікір білдіріп, процесске кез келген адам өз әсерін тигіще алады. Қазір әлеуметтік желілерде саясаткер болмаса да, қоғам ойының жүйрігі саналатын беделді тұлғалар бар. Дәл сол тұлғалардың сөзі мен ісінен кейін елімізде белгілі бір өзгерістер орын алып жатады.
Қазақстанға қажетті 3 реформаны атаңызшы
Бейбіт митингілер. Біз митингіде билік пен қоғам арасында шынайы диалогтың болу керектігін айтық. Конституция бойынша, халық мемлекеттік биліктің жалғыз көзі. Сондықтан бірінші кезекте бейбіт митингілер қолға алынып, сәйкесінше заң қабылдануы тиіс.
Сайлау жүйесін ретке келтіру, мажоритарлы сайлау жүйесін енгізу. Алдағы уақыта әлі де сайлаулардың болатынын ескеріп, мажоритарлы жүйені жартылай енгізуді талап етеміз. Бұның көмегімен бұрынғыдағыдай бір мандатты круг арқылы партияға қатысы жоқ кез келген адам сайлауға қатыса алады. Адамдар оны бағдарламасының көмегімен сол аймақтың ресми өкілі ретінде таңдауы үшін оның халық арасында абыройы, беделі болуы тиіс. Осы мажоритарлы жүйе арқылы парламент депутаттарының бір жартысы және қазіргі жүйе бойынша депутаттардың екінші жартысы сайланса, жақсы болатын еді.
Партия ашуды жеңілдету. Елімізде партияны президент әкімшілігінің келісімінсіз ашу едәуір күрделі. Қазақстанның билігі азаматтарына партия ашуға мүмкіндік бермейді, Қарапайым мысал ретінде партия ашқысы келіп, соңында көздегеніне жете алмай қалған таныстарымды айта аламын. Олар партия ашу туралы өтініш білдірді, жұмысқа кірісті. Құрылтай жиналысты, құрылтай съезді де өткізді. Қанша тырысса да әкімдік, құқық қорғайтын органдар кедергі келтірді. Қазіргі уақытта елімізде «Нұр Отанға» бәсекелес бола алатын партия жоқ. Өзге партиялардың барлығы «Нұр Отанның» сөзін тыңдайды десек, қателеспейміз. Тіпті елорданың да атын ауыстыратын кезде барлығының бірауыздан келісім бергеніне қарап-ақ, тұжырымның бұрыс емес екенін түсінеміз.
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
stan.kz