Қазақстандық туристер шетелде ұятқа қалды
Қысқа сілтеме алу
Қонақүйде төбелес шығарған қазақстандық туристер қомақты айыппұл төлейтін болды
НҰР-СҰЛТАН, 4 қыркүйек – Sputnik. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қонақүйлердің бірінде қазақстандық туристер алкогольді ішімдік ішіп, төбелес шығарды. Бұл туралы Қазақстанның Дубай және Солтүстік Әмірліктердегі бас консулдығы Facebook желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.
Оқиға орнына шұғыл жеткен жергілікті полицейлер ішімдік ішіп, төбелес шығарғаны үшін қазақстандық туристерге қатысты іс қозғаған. Тараптардың мәмілеге келуіне байланысты бірінші іс тоқтатылды. Алайда ішімдік ішу дерегіне қатысты іс сотқа жіберілген. Салдарынан қазақстандық демалушыларға қомақты айыппұл салынды.
Тағы оқыңыз: Маңғыстауға барған америкалық туристердің «төбе шашы тік тұрды» – видео
Осы орайда Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бас консулдығы барлық туристке жергілікті жердің заңымен танысып, оны сақтауға кеңес береді.
Бүгінде БАЭ туристер көп келетін мемлекеттің қатарында. Күн сайын бұл мемлекетке әлемнің барлық елінен мыңдаған турист келеді. Консулдықтың статистикасына сүйенсек, туристер көбінесе ішімдік ішу салдарынан жауапқа тартылады.
Жергілікті заңға сәйкес, алкогольді ішімдіктерді тек лицензия арқылы ғана тұтынуға рұқсат беріледі. Алайда іс жүзінде қонақ үйлер мен мейрамханалардың басым бөлігінде алкоголь ашық сатылады.
Біріккен Араб Әмірліктерінде жеңіл күйде мас болу да қоғамдық тәртіпті бұзудың бір бөлігі болып саналады.
sputniknews.kz