Қазақстандық трансгендер: Аллаға шүкір мұсылманмын
Ая есімді трансгендер көпшілік алдына шығып, ашық сұхбат берді. 15 жасында зорлық-зомбылық құрбаны болған ол өзінің көзқарасының өзгеруіне дәл осы жағдай себеп болған деп санайды. Жынысын ауыстырмағанымен өзін қызбын деп таныстырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы «Бүгін» бағдарламасында айтылды.
Ая оңтүстік өңірдің тумасы. 15 жасынан бастап көзқарасы өзгеріп, жігіттерді жақсы көре бастаған. Алайда жынысын ауыстырмаған. Өзін иманды адам және мұсылманмын деп санайды.
«Мен 15 жасыма дейін жігіттерді жақсы көріп немесе өзімді қыз сезінген емеспін. 15 жасымда Шымкентте жалғыз тұрдым. Сол кезде нағашыларым келді. Сол күні мені зорлады. Олар мені қорқытып-үркітіп, біреуге айтпа деді. Мен ешкімге айтқан жоқпын. Бірақ сол кезден бастап өзімді басқаша сезіне бастадым. Маған қыздар ұнамайтын болды. Даусым да, бәрі өзгере бастады. Дәрі ішіп, кеудемді өсірдім. Бірақ жынысымды ауыстырған жоқпын. Болашақта ауыстырамын деп ойлаймын. Аллаға шүкір мұсылманмын. Жүрегімде иман бар», — деді ол.
Ая жалғыз тұрады. Жолдастары көп емес. Алайда өзі секілді трансгендерлермен араласады. Олар қоғамда көп те емес, аз да емес дейді.
«Мен өзімді болашағымды осындай болады деп ойлаған жоқпын. Мен қызға айналам деп ойламадым. Маған психикалық жарақат әсер етті деп ойлаймын. Ата-анамның тәрбиесінен болмайды. Себебі ешбір ата-ана баласының қызтеке не еркекшора болғанын қаламайды. Сондай бол деп өсірмейді. Бұған ата-ана емес, бірінші кезекте қоғам кінәлі. Себебі 5 жастағы баланың қолында телефон бар. Кез келген бала интернеттегі сайттарды, азғындықтарды, трансгендерлерді көре алады. Соның кесірінен бала бұзылады. Шектеу болмағандықтан трансгендерлер көбейіп жатыр деп ойлаймын»,- деді Ая.
Ая ата-анасымен араласады. Өзін қабылдағанын айтады. Өзінің бұрынғы қалпына келетін ойы жоқ.
«Мен 17 жасыма дейін өзімнің қажеттілігімді жасап қойдым. Өзімнің жеке пікірім, ойым, көзқарасым, иманым бар. Моральдық-материалдық тұрғыда өзімді қамтамасыз ете аламын. Бала туа алмаймын, бірақ бала тудыра аламын. Бірақ балалы болып, бала тәрбиелеп өсіремін деп айта алмаймын. Ата-анам мені қабылдады. Туыстарым да қабылдады. Оларға ешқандай кінә артпаймын. Осы өмірім ұнайды», — деді ол.