Қазақстандық спортшы сынған аяғымен жеңіске жетті

0
106
Қазақстандық спортшы сынған аяғымен жеңіске жетті


Оралдық Әліби Теміртасов Бахрейнде аралас жекпе-жектен өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленді. 

Қазақстандық спортшы сынған аяғымен үш жекпе-жекке қатысқан. Қазақстандық спортшының ерлігі туралы Қазақстан ММА федерациясының құрметті президенті Айдар Махметов фейсбуктегі парақшасында жазды. 56,7 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Әліби Теміртасов екінші жекпе-жектің ортасында жарақат алып, қалған екі жекпе-жекті ақсаңдап жүріп өткізген.

«Бүгін рентгенге түсіргенде, Әлібидің екінші жекпе-жекте жіліншігі сынғаны анықталды. Мұндай жарақатпен әлем чемпионатының медалін қалай жеңіп алғаны мен үшін жұмбақ, таңданып әрі тәнті болып отырмын!, — деп жазды Махметов.

Оның пікірінше, Әліби нағыз ерлік жасаған. 1/4 финалда америкалық қарсыласын, мұның алдындағы әлем чемпионатының қола жүлдегерін мерзімінен бұрын жеңген. Ал жартылай финалда дағыстандық Руслан Сатиевпен тартысты жекпе-жек өткізген.

«Қазақ елі осындай батырларымен мақтануы керек! Осындай жігіттер еліміздің атын әлемге шығарады. Әліби, нағыз батыр!, — дейді Махметов.

Ол Әлібиге ота жасау қажет екенін атап өтті. Қазақстан құрамасы Бахрейндегі әлем чемпионатынан бір алтын, бір күміс және жеті қола медальмен оралды.

Дереккөз: Sputnik