Қазақстандық саланың тізгінін Мәскеу өз қолына алады

0

Бұған отандық ғалымдар қарсы өре түрегелді.

Қазақстан – тәуелсіз мемлекет, тиісінше ол өз бетінше жаһандық салалық ұйымдарға кірді және мүше ретінде сол ұйымдар ұсынатын игіліктерді пайдалана алады. Дегенмен, Еуразиялық одақ атынан Кремль бұл мүмкіндіктерді шектеуге тырысуда. Мысалы, отандық кәсіпкерлер мен экспорттаушылар әлемдік нарыққа шығу жолында Ресей жасап отырған кедергілерге ұдайы жолығып келеді.

Енді Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» дабыл қағып отыр. Осы республикалық мемлекеттік кәсіпорын ветеринария саласына қауіп төнгенін жасырмай айтты.

«Қазақстан азат мемлекет ретінде жануарларды, өсімдіктерді және қоршаған ортаны қорғау бойынша халықаралық бағдарламалардың қатысушысы болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында тек мемлекеттік ұйымдар ғана емес, сондай-ақ отандық жеке компаниялар да ветеринарлық препараттар өндірісін жолға қойды, өнеркәсіп орындарын жаңғыртты, материалдық-техникалық базаны жетілдірді. Бұдан бөлек озық технологиялар енгізіліп, кадр-мамандар даярланды. Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі заңнаманы жаңғырту бойынша салмақты жұмыс жүргізді. Ауыл шаруашылығы және ветеринария саласындағы барлық қатысушыларды тіркейтін және қызметін бақылайтын мемлекеттік орталықтар ұйымдастырды», – дейді институт басшылығы.

Яғни, ұлттық тәжірибе жинақталды, сектордың жұмысы жолға қойылды. Қазақстан бұл бағытта тәуелсіз дамып, өзін-өзі толық қамтуда.

Осының бәрі зая кете ме?

Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директорының орынбасары Ерғали Әбдірайымов Еуразиялық одақ аясындағы кезекті бір шешімнің қаупі барына назар аудартты.

«Атап айтқанда, ЕАЭО мүше мемлекеттердің Ветеринарлық препараттарын тіркеу жөніндегі бірыңғай орталығын құру туралы шешім үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Ол орталық Мәскеуде құрылады. Біздің ұстанымымызша, одаққа кіретін кез келген мемлекетте препараттың тіркелу фактісі бүкіл Еуразиялық одақ көлемінде мойындалуға тиісті. Қазіргі кезде осылай. Алайда Ресей астанасында ЕАЭО-ға қатысушы барлық мемлекет үшін әлгі бірыңғай орталықты құру біздің өндірушілердің құқығын бұзу болып есептеледі», – дейді Ергали Орынбасарұлы.

Бұл қауіп негізсіз емес.

Қазақстандық мамандардың мәліметінше, Ресейдің Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметі (Россельхознадзор) осының алдында Қазақстанда, Беларусте тіркелген, үй жануарларына арналған дәрі-дәрмектерді, ветеринарлық препараттарды, жемазық қоспаларын Ресейге енгізуге бірнеше рет тыйым салып, негізсіз әрі құқыққа қайшы тірлікке барды. Ал ол тауарлар Ресейге енбесе, бер жақтағы Қазақстанға да жетпейтіні мәлім.

Солтүстік көрші осы орайда ЕАЭО туралы шарттың «Тауарлардың ішкі нарығының жұмыс істеу тәртібінен ерекшеліктер» деп аталатын 29-бабына сілтеме жасайтын. Қазақстан тарапы ол дәрі-дәрмектер мен қоспалар біздің малдарды аман сақтау үшін қажет деп дәйектеуге тырысса, Ресей тарапы шетелдік тиімді препараттар «адамның өмірі мен денсаулығын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға нұқсан келтіреді» деп табандайды.

Енді Мәскеу осы кесір тәжірибесін және қыңыр талабын еуразодақ аясында заңдастырып алып, барлық одақтастарына өктемдік етпек. Ертең жаңадан ашылғалы отырған аты – еуразиялық, заты – мәскеулік орталық тек ресейлік медикаменттер мен қоспаларды ғана қаптатып тіркеп, соларды бүкіл одақтастарына таңуы ғажап емес.

«Мәскеуде ЕАЭО мүше мемлекеттердің Ветеринарлық препараттарын тіркеу жөніндегі бірыңғай орталығын құру туралы шешім – ресейлік ветеринарлық дәрілік құралдарды өндірушілердің мүдделерін ілгерілететін жанама лобби. Оның үстіне бұл Қазақстанда жасалған препараттардың Ресей нарығында сатылуына жол бермейді», – дейді ҒЗИ бас директорының орынбасары Ерғали Әбдірайымов.

Осыған байланысты БҒМ-ның Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты Ауыл шаруашылығы министрлігіне табанды позиция ұстануды өтінді: АШМ Қазақстан Үкіметінің осы шешімді құптаудан бас тартуы мәселесін көтеруге тиіс.

«Өйткені аталған шешім ветеринарлық препараттар жасайтын қазақстандық өндірушілердің құқығын шектейді, мүдделерін аяққа таптайды. Шындап келгенде, бұл шешім – Ресей өзінде қабылдап қойған нормалар мен ережелерді бүкіл ЕАЭО елдеріне жаю талабы! Ресей осы арқылы ресейлік өндірушілерді артықшылықпен қамтамасыз етуде», – деді институт мамандары.

Әзірге Ауыл шаруашылығы үнсіз отыр. Біздің Үкімет ұлттық мүддені және қазақстандық бизнесті қолдауда қажырлылық, батылдық және әбжілдік танытпаса, Қазақстан ары қарай Мәскеудің жетегінде жүре беруі ықтимал.

Жанат Ардақ

inbusiness.kz