Қазақстандық режиссер карантинде қандай фильмдерді көруге болатынын айтты

0

Режиссердің айтуынша, қазіргі көрерменнің талғамы төмендеп кеткен. Оған түрік, үнді, корей фильмдері әсер етті

АЛМАТЫ, 3 мамыр –Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақстанда төтенше жағдай енгізгеніне бір жарым айдан асты. Карантин режимі де 11 мамырға дейін жалғасады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне карантин кезінде көруге болатын қазақ фильмдерді ұсынып, қазіргі фильмдердің сапасы жайында айтып берді.

Режиссердің айтуынша, қазіргі көрерменнің талғамы төмендеп кеткен. Оған түрік, үнді, корей фильмдері әсер етті. 

«Қазақтың 80%-і жабайы көрермен, оны құртқан үндінің, түріктің, корейдің фильмі.Атыс-шабыс та талғамды құртты. Біздің көрермен фильмді «ұнайды», «ұнамайды» деген категорияға бөліп қана қарайды. Ол базарға барып тұрған жоқ қой», — дейді режиссер.

Айтуынша, біз Голливудтың фильмін қаржыландырып, сол елдің идеологиясын да қатар қабылдап жатырмыз. 

«Ең сорақысы, біз Голливудтың фильмін өз ақшамызбен қаржыландырып отырмыз. Мәселен, бүгін Нью-Йоркта жаңа фильмнің көрсетілімі болса, ертең Алматыда сол фильм көрсетіледі. Өз ақшамызға жат идеологияны дәріптейтін фильмдерді көріп отырмыз. Екі жылдан бері әр қалада ұлттық фильмді көрсететін кинотеатр болуы керек депшырылдап жүрміз», — дейді ол.

Себебі кинотеатрлардың барлығы жекеменшік болғандықтан, қазақша фильмді көрсету де қиынға соғады. Себебі кинотеатр фильмді ыңғайсыз уақытқа қояды және 2-3 күннен артық көрсетпейді. 

«3-4 жылдан бері кино туралы заңды айтып жүрміз. Көрсетілімге шығаратын жердің бәрі жекеменшік. Ең болмаса он күн көрсетке болады ғой. Жоқ, үш күн ғана көрсетеді. Сіздің  фильмге ешкім келмейді деген сылтау айтады. Киноға баратын уақытқа қойса,көрермені табылады. Өздері фильмнің уақытын түнгі 11 не 12-ге қояды», -деп жеткізді ренішін режиссер.

Айтуынша, «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген әр он фильмнің төртеуін ұялмай үлкен аудиторияға көрсетуге болады. Яғни, сапасы сын көтереді, дейді ол.

«Біз он фильм түсірсек, төртеуін көрермен жинап, ұялмай көрсетуге болады. Ал жеке студиялардың фильмдеріне біз жауап бермейміз. Көбі осыны шатастырады.»Қазақфильмнің» киносында біздің логотип тұрады. Ал жекеменшік отызшақты студияның жұмысы бөлек. Баян Алагөзова, Нұртас Адамбай, Нұрлан Қоянбаев фильм түсіріп жүр. Киноларында сапа жоқ, бірақ ақша жинап жүр. Ал олардың көркемдік деңгейі төмен, ол көрермен талғамын бұзады. Екеуі балет пен ауылдағы қамажай сияқты, салыстыруға келмейді», — дейді Нарымбетов.

Сонымен қатар кинорежиссер көпшілік ұмытып кеткен, алайда көруге тұрарлық фильмдердің тізімінберді. Алайда бұл тізімге «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек»,»Атаманның ақыры» фильмдерін қосқан жоқ, себебі бұл ай сайын қайталап көретін халықтың күн тәртібіндегі дүниелер дейді, ол.

Режиссер ұсынған туындының бірі – «Атамекен» көркем фильмі. Ол 1966 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді. Режиссері Шәкен Айманов пен сценарий авторы Олжас Сүлейменов. Басты рөлдерде Елубай Өмірзақов ойнайды. Фильмде соғыстан кейінгі халықтың жағдайы, қайғы-қасіреті баяндалады.

«Кеңес үкіметі кезінде цензурадан қалай өтіп кеткенін білмейміз. Алайда бұл фильм Шәкен ағаның шедеврлерінің бірі», — деді фильм жайлы Нарымбетов.

Нарымбетов ұсынған тізімде 1964 жылы шыққан  «Тұлпардың ізі» («Следы уходят за горизонт») фильмі бар. Фильмнің сценарий авторы – Әкім Тарази, режиссері – Мәжит Бегалин. Фильмде мал шаруашылығымен айналысатын адамдардың өмірі мен романтикаға толы махаббат суреттелген. 

Режиссер 1965 жылы түсірілген «Алдар Көсе» фильмін де қайталап көруді ұсынды.


©
Sputnik /

«Алдар Көсе» фильмінің кадры, 1965 жыл

Экранда халықтың сүйікті кейіпкері өзінің ақылы, тапқырлығы мен кең пейілімен, ұшқыройы, даналығымен танылады және осының бәрі әзіл-қалжыңымен жеткізілген Алдар Көсенің рөлін Шәкен Айманов сомдаған. 

«Бұл фильмге де таңым бар. Қарап отырсыңыз ішінде сол кезде айтылмайтын дүниелер, қазірдің өзі жұмбақтап айтатын дүниелер кіріп кеткен», — дейді режиссер.

Нарымбетов ұсынған фильмдер ішінде «Сұлтан Бейбарыс» сериалы да бар. 1989 жылы түсірілген бұл туындыда Мысыр билеушісі Бейбарыс сұлтанның таққа отырғанға дейінгі өмірі баяндалған. Одан кейін қолындағы билік пен сұлтанға сатқындық жасағандар жайлы айтылған. Кей аңызға сүйенсек, сұлтан тақты қалдырып, ата-бабасының Отаны Қыпшақ даласына аттанғаны айтылған. Басты рөлді Нұрмұхан Жантөрин сомдаған.

«Бұл Нұрмұхан ағамыздың соңғы рөлі, ол кісі Шыңғыс ханды ойнаймын деп арманда кетті, алайда сұлтан Бейбарыстың рөлі актердің ең үлкен рөлдерінің бірі», — дейді Нарымбетов. 

Сатыбалды Нарымбетов Серік Апрымовтың «Қиян» фильмін де көруді ұсынды. 1989 жылы жарық қашыққан фильмнің сценарий авторы әрі режиссері Серік Апрымов. Басты рөлді Сәбит Құрманбеков, Бақытжан Әлпейісов сомдаған. Фильмде ауылына әскерден келген сарбаздың әрекеті баяндалады. Ол ауылына келген соң адамдардың өзгергенін көріп, кетіп қалады. Фильм режиссердің туған жері Шығыс Қазақстанда Семейдің Ақсуат ауданында түсірілген. 

«Бұл фильмге қатысты пікір көп болды. Біреу «неге әлі күнге өзімізді жаман қырымыздан көрсетеміз» деп шүйлікті. Енді бірі мазаққа айналдырды деп жатты. Алайда бұлеш қандай мазақ емес, керісінше шындықты айту. Қираған үй мен азғындағанадамдарды көріп ренжіген жігіт ауылынан кетіп қалады. Автор бұл жерде адамның кемшілігін көрсете отырып, түзелуге шақырады», — дейді режиссер.

Режиссердің тізімінде отбасылық «Әкем екеуміз» психологиялық драмасы да бар. Фильм 2008 жылы шыққан. Режиссер әрі сценарий авторы Данияр Саламаттың бұл туындысында әйелі басқаер адаммен көңіл қосып, баласы екеуі қалған еңбек пәнінің мұғалімі Кәрім жатақхананың кішкентай бөлмесінде тұрады. Олардың жағдайы жұпыны, сол себепті арасында әкесімен ұлы келіспей қалып жатады. Алайда Кәрімнің ұлы жасына қарамастан ақылды болады.Алайда ол ананың аялы алақанын сағынады.



sputniknews.kz