Қазақстандық қыздарды жезөкшелікке салу үшін Бахрейнге алдап апарған топ ұсталды

0

Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ 2016 жылдан бастап Бахрейн Корольдігіне қыздарды жезөкшелікке тартумен айналысқан, деп мәлімдеді бүгін брифингте Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов, деп хабарлайды zakon.kz.

— ІІМ Тергеу департаменті Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтарынан құралған трансұлттық ұйымдасқан топ мүшелеріне қатысты қылмыстық істі тергеуде. Олар 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін қыздарды Бахрейн Корольдігіне жезөкшелікке тартқан. Барлығы 39 жәбірленуші анықталды, олар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары. Барлығы 19 адам күдікті деп танылды, оның ішінде: қамауға алынғаны – 15, халықаралық іздеуде жүргендер – 3, — деді Санжар Әділов.

Оның сөзінше, іздеудегі күдіктінің бірі Бахрейнде ұсталды, оны экстрадициялау материалдары Бас прокуратураға жіберілді.

Сонымен қатар, Бахрейнге сексуалдық құлдық мақсатында алдап әкетілген Қазақстанның 6 азаматшасы күдіктілерден қашып кетіп, өз бетімен отанына орала алмаған. Олар қазір табылды.

— Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, бұл азаматшалар Бахрейн, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға қайтарылды, — деді Тергеу департаментінің бастығы.

Спикер атап өткендей, адам саудасына қарсы күрес мәселесі ішкі істер органдары үшін қашанда өзекті және үнемі ішкі істер органдарының басшылығының бақылауында болады. Қазіргі уақытта ішкі істер департаменттері осындай қылмыс бойынша 133 істі тергеуде.