Қазақстандық қыз «Ғалам аруы – 2021» байқауының жартылай финалында өнер көрсетті

0
490

«Алматы аруы – 2021» Азиза Тоқашева «Ғалам аруы – 2021» халықаралық сұлулық байқауында жартылай финалында дефиле көрсетті, деп хабарлайды kznews.kz сайты tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Жартылай финалда ұлттық және кешкі киімдерде, сондай-ақ шомылу киімінде дефиле болды.

«Керемет эмоция алдым. Барлығына қолдау үшін алғыс айтамын, мені туыстарым, достарым мен отандастарым ғана емес, сонымен қатар, басқа елдерден жанкүйерлер қолдап, мақтау сөздер жазып жатыр. Байқаудағы атмосфера керемет. Қазақстан намысын осындай байқауда қорғауға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын», — деді Азиза тілшімізге берген сұхбатында.

Азиза Тоқашова сегіз жасынан бастап халықтық-эстрадалық билермен айналысады. Көптеген концерт, қалалық іс-шараларда өнер көрсеткен. Қазір әуесқой ретінде билейді. Сонымен қатар, ол әлеуметтік-қайырымдылық жобаларға белсенді қатысады.

Бүгінде Азиза Instagram-да танымал блогер, оның Womens club by Aziza Habibi атты әйелдер клубы бар. Ол модерациялайтын қоғамдастықта йога, медитация, дұрыс тамақтану тақырыптары талқыланады, қатысушылар мотивациялық әдебиеттерді оқудан алған әсерін бөліседі. Азиза соңғы кездері үлкен тенниске қызығушылық танытып жүр, болашақта ат спортын да игергісі келеді.

70-ші «Ғалам аруы» халықаралық сұлулық байқауының финалы 12-нен 13 желтоқсанға қараған түні өтеді. Биыл іс-шара Израильдегі Эйлат курорттық қаласында өтіп жатыр. Жеңімпазға тәжді 27 жастағы мексикалық Андреа Меса табыстайды.

«Ғалам аруы» байқауына бірнеше жылдан бері «Алматы аруы» жеңімпаздары қатысып келеді. Айта кетейік, байқауда келесі жылы елордалық ару «Қазақстан аруы-2021» жеңімпазы Айдана Ахантаева ел намысын қорғайды.