Қазақстандық мұғалімдер арнайы курстан өтеді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Мұғалімдер арнайы курстардың көмегімен ІТ саласындағы білімін жетілдіреді, болашақ педагогтер де университетте қашықтан оқыту технологияларын меңгереді

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Қазақстан мұғалімдері қашықтан оқыту технологияларын меңгереді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, компьютерді қосып, «Күнделік» толтыру, Zoom-ға шығу жеткіліксіз. Мұғалімдер  оқушылар мен студенттерді қашықтан қалай оқыту керек екенін білуі керек. Сондықтан олар біліктілікті арттыру курсынан өтеді.  

«Біз ІТ саласы, оқыту әдістемесі, қашықтан оқыту жүйесі арқылы қалай жұмыс істеу, тапсырманы қалай беру керек – осылар туралы айтып отырмыз. Мұның бәрі арнайы курста қамтылған. Әріптестеріміз біліктілікті арттыру аясында осыларды меңгереді», — деді Аймағамбетов Zoom платформасында өткен брифингте.

Тағы оқыңыз: Министр мұғалімдердің мәселесін түбегейлі шешетін бұйрық күшіне енгенін айтты

Бұл өзгерістер университетке енді түсетін болашақ педагогтерге де қатысты.

«Жоғары оқу орындарында да қашықтан оқыту бойынша міндетті модуль енгіземіз. Ректорларға бұл жөнінде айттық. Болашақ мұғалімдер де университет қабырғасында осы технологияларды, әдістемелерді меңгеруі тиіс», -деді министр.

Десе де, мұның бәрі Қазақстан толығымен қашықтан оқыту форматына көшеді дегенді білдірмейді.

Министр балаларды мектептерде оқыту сол күйі қалатынын атап өтті. Бірақ, қашықтан оқыту форматын да дамыту қажет.



sputniknews.kz