Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушыға неге виза берілмеген?

0

Қазақстандық Михаил Шайдоров 21-27 наурыз аралығында Монпелье қаласында (Франция) өтетін мәнерлеп сырғанаудан 2022 жылғы әлем чемпионатына қатыспайды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Шайдоров ерлер арасында өтетін жеке сырғанауға қатысушылар тізімінде болған, алайда Франция елшілігі қазақстандыққа виза беруден бас тартқан. Бұл туралы спортшы Instagram парақшасында жазды. Алайда ол Франция елшілігінің визадан бас тарту себебін көрсетпеген еді.

Алайда Мәдениет және спорт министрлігі өкілі виза ала алмағаны үшін Францияда өтетін жарыстарға қатыспайтын қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровке қатысты оқиғаға пікір білдірді.

«21-27 наурыз аралығында Монпелье қаласында (Франция) мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты өтеді.

Михаил Шайдоров Сочиде тұрады, өйткені ол Олимпиада чемпионы Алексей Евгеньевич Урмановпен бірге жаттығады. Ал виза құжаттарын Мәскеуден тапсырған.

21 наурызда виза берілмейтіні туралы ресми хабарлама келді. Оған уақыт аз болғандықтан шағымдана алмайды. Михаил Шайдоров әлем чемпионатына қатыспайды», — деді министрлік өкілі.

Сонымен қатар, Қазақстан атынан әлем чемпионатына Гаухар Наурузова мен Бойсангур Датиев би жарысы бойынша қатысатыны айтылған еді.

Мәнерлеп сырғанаудан 2022 жылғы әлем чемпионаты алғаш рет Францияның Монпелье қаласында өтеді. Жарыс 21-27 наурыз аралығында «Зюд де Франс» аренасында болады.

(Фото: prosport.kz сайтынан алынды)