Қазақстандық мамандар ақша жинаудың қарапайым үш тәсілін айтып берді
Қаржы кеңесшілері тапқан табысты орнымен жұмсаса, оның 10%-ін жинауға болады деген пікірде. Бұл қаржыны кейін кәсіп ашуға немесе басқа да мақсаттарға жұмсауға болады
НҰР-СҰЛТАН, 17 қазан — Sputnik, Дәурен Ерболат. Бүгінде ақша тапқанмен оны тиімді жұмсай алмайтындар көп. Кейде дүкеннен қажетсіз затты қалай алғаныңды байқамай қаласың, ал кейде банктен проценті жоғары кредит алуға мәжбүр боласың. Бұл ақшаны тиімді жұмсай алмауды білдірсе керек. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі «ақшаны қалай жұмсау керек, қаржыны жоспарлау не үшін қажет, кредитті қандай жағдайда алуға болмайды, қаржы сауаттылығы не үшін керек?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Қазақстандықтар неге кредит ала береді?
Ranking.kz порталының мәліметінше, 2019 жылдың 6 айында Қазақстанда тұтынушылық кредит 19%-ке өскен. Ал осы жылдың шілде айында өткен Қазақстан парламенті сенатының пленарлық отырысында депутат Ольга Перепечина қазақстандықтардың тұтынушылық кредиті 4 триллион теңгеден асып кеткенін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан тұрғындарының 27%-і банктерге қарыз, яғни әрбір жұмыс істейтін он адамның алтауының басында қарызы бар. Бұл – экономикалық белсенді халықтың 55%-і. Тәуелсіз қаржылық кеңесші Рассул Рысмамбетов мұны банк саясатымен және табыстың төмендігімен байланыстырады.
«Елімізде тұтынушылық кредиттің артуы төмен табыс пен тауарлар бағасының қымбаттауымен байланысты. Екінші фактор – банктер кредит беру жұмыстарын жандандырды. Банк сатушылармен тығыз байланыс орнату үшін оларға тиімді ұсыныстар жасайды. Ал сатушылар тауарларын өткізуі қажет. Сондықтан олар да мақсатқа жетудің бір құралы ретінде банк кредиттерін пайдаланады», — дейді сарапшы.
Рысмамбетов қазақстандықтарға банктер беретін кредиттің проценттік ставкасы жоғары екенін де атап өтті.
Қаржылық сауатсыздық және табыстың төмендігі
Ал сарапшы Раушан Бірмағанбетова мәселенің бұлай ұшығуын қаржылық сауатсыздықпен және табыстың төмендігімен байланыстырып отыр.
©
Photo : Рассул Рысмамбетовтің жеке архивінен алынды
Тәуелсіз қаржы кеңесшісі Рассул Рысмамбетов
«Меніңше, бұл екі фактор да тұтынушылық кредиттің өсуіне әсер етеді. Себебі, адам өзінің шығындарын есептемесе, ойланбай әрекет жасайды, әрі қажетсіз дүниелерді сатып алады. Егер адамның нақты жоспары болса, ол маркетингтік айла-тәсілдерге берілмейді. Екіншіден, Қазақстанда жалақының мөлшері өте төмен. Ал тауарлардың бағасы өсіп жатыр. Мұның барлығы адамдардың қалтасына салмақ түсіреді», — дейді тәуелсіз қаржы кеңесшісі.
Ол кредит табыстың 20%-нен аспауы керектігін атап өтті. Егер одан асса, қалтаңызға артық салмақ түсуі мүмкін.
«Егер сіздің табысыңыз 200 мың теңге болса, Ай сайын 40 мың төлеуіңіз керек. Сонда сізге кредитті төлеу қиын болмайды. Егер кредит табысыңыздың 50%-нен асса, онда тек табысты көбейту жағын ойлау керек», — дейді Раушан Бірмағанбетова.
Қаржы сауаттылығы деген не?
Рассул Рысмамбетов қаржы сауаттылығы күнделікті тұрмысқа қажетті логика деген пікірде. Ол адам табысының 15% жинап отыруы қажет дейді. Сондай-ақ сарапшы қазақстандықтарға қаржы кеңесшісіне бармас бұрын алдымен өз ақшасын өзі есептей білуі керек екенін айтады.
«Жеке бюджетті жазбаша түрде жоспарлау қажет. Ретроспективті анализ жасап, оны болашақта пайдалана білген жөн. Яғни аптаға, айға, бір жылға нені сатып алу қажеттігі жөнінде жоспар құрып, оған қанша ақша қажеттігін білу керек. Ретроспективті анализ дегеніміз болашақта сатып алатын заттарды алдағы аптада сатып алынатын заттар тізімімен салыстыру. Бұл жаттығуды күн сайын істесеңіз, жеке бюджетіңізді нақты жоспарлап, қажет емес заттарды сатып алмайсыз», — дейді ол.
Сарапшы адам 3 ай бойы ақша жоспарлау жаттығуын жасап, қаржыны есептей білген кезде ғана тренингтер мен қаржы кеңесшілеріне баруға болады дейді.
«Барлығын есептеу керек»
Ал 12 жылдан астам осы салада жұмыс істеп жүрген Раушан Бірмағанбетова ақшаны тиімді жұмсауды кез келген адам үйрене алатынын атап өтті. Оған тек ниет пен уақыт керек.
«Маған қарапайым азаматтар келеді. Табысы орташа, ақшасының қайда жұмсалып жатқанын білгісі келеді. Оны түсіну үшін барлығын есептеу керек. Мен 3 кездесу өткіземін. Бірінші кездесуде біз отбасының немесе адамның қаржылық жағдайына баға береміз. Кейін оның қаржылық мақсатын бірге анықтаймыз. Кейін мақсатты жүзеге асырудың жолдарын іздейміз», — дейді Раушан Бірмағанбетова.
Ол мақсат әртүрлі болуы мүмкін екенін жеткізді. Маманмен бір рет кездесіп, ақыл-кеңес сұраудың құны – 10 мың теңге. Тәуелсіз қаржыгер қазақстандықтардың басым бөлігі ақша үнемдеп, үй сатып алғысы келетінін айтады.
©
Photo : Раушан Бірмағанбетованың жеке архивінен алынды
Раушан Бірмағанбетова
Сондай-ақ сарапшы отбасылық бюджет, қаржылық мақсат ортақ болса, отбасы мүшелері оған бірге ұмтылатынын атап өтті. Бұл ерлі-зайыптының бір-біріне деген сенімін арттырып, отбасының беріктігін нығайтады.
Ақшаны тиімді жоспарлаудың жолдары
Раушан Бірмағанбетова мақсаты жоқ адам, ақшаны оңды-солды шашатынын айтады. Сондықтан ақшаны жоспарлай білген жөн. Ол қаржыны тиімді жоспарлаудың 3 тәсілі бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, карточкадағы барлық ақшаны банкоматтан шешіп, конверттерге салып қою ыңғайлы. Осылайша, адам қаржысының қайда жұмсалып жатқанын біледі.
«Бірінші әдіс – 10 конверт әдісі деп аталады. 1) Табыстың 10%-ін сақтап қойыңыз; 2) қаржылық мақсат – 10%; 3) ипотека – 25%, салықтар; 4) тамақтану, шаруашылыққа қажетті заттар – 20%; 5) білім алу – 5%; 6) көлік шығындары – 7%; 7) медицина – 8%; 8) іскерлік шығындар – 5%; 9) қарыздар және тағы басқа шығындар – 10%; 10) қайырымдылық – 3-10%.
Екінші әдіс. 1) nабыстың 15%-ін сақтап қоясыз. 2) 37%-і үйге жұмсалатын шығындар, қалған шығындарды өз қалауыңыз бойынша 12%-пен есептейсіз.
Үшінші әдіс. Табыстың 10%-ін сақтап қоясыз. 10% көңіл көтеруге жұмсайсыз. Қалған ақшаның бөлігін 100% деп алып, 45% — капитал, 55% тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалады», — дейді сарапшы.
Ол осы 3 әдіс арқылы табыстың қандай болғанына қарамастан оның 10%-і үнемдеуге болатынын атап өтті. Ал бұл – бизнес ашуға немесе пайдалы іске жұмсауға таптырмас қаржы.
sputniknews.kz