Қазақстандық көп балалы ана қарыздан құтылу үшін бүйрегін сатпақшы

0

Қызылорда қаласының тұрғыны, көпбалалы ана амалсыздан қарыздан құтылу үшін бүйрегін сатуға бел буыпты. Сөзінше, қарыздан көз ашпай кеткен.  Келіншектің бұл тірлігі қаншалықты заңды? Елімізде ағзасын сататындар көп пе? Мамандар не дейді?  Бұл туралы «Астана» арнасы хабарлайды.

31 жастағы қызылордалық келіншектің алты баласы бар. Айтуынша, өзі жұмыссыз. Ал жолдасының табысы тамақтан артылмайды. Қарызға әбден батқан ол бүйрегімді сатудан басқа амалым қалмады дейді.

«Себебі күнде келіп жаңағы кісілер үйді мазалайды. Тіпті кішкентай бір жасар қызымды да, бізге бер деп айтты. Иә, баланы маған бер, ақыры төлей алмайсың дейді. Кім баласын қиып береді. Айтыңызшы, ешкім баласын қимайдығой қандай жағдай болмасын. Сомен қатты налыдым», — дейді қызылордалық әйел.

Сөзінше, ағзаға қара нарықта сұраныс бар екенін естіп-білген.

«Жеті милион теңге деп айттым. Маған бір кісі хабарласып, баласының бүйрекке зәру екенін айтып, тегін беруін сұрады. Мен оны тегін беретіндей өлейін деп жатқан жоқпын ғой. Тегін беріп кетемін дейтіндей. Өзім амалсыз, мұқтаж болып тұрмын қарызға. Ренжімеңіз дедім. Ақыға ғана дедім. Одан кейінде бірнеше адамдар хабарласты», — деп қосты ол.

Барлық елде де бүйрекке сұраныс жоғары. Нұр-Сұлтандағы транспланттау орталығының мәліметінше, бүйрек жетіспеушілігімен есепте тұрғандар саны үш мыңнан асады. Өкпе, бауыр, жүрекке де сұраныс жоқ емес. Орталықта ағзаны ауыстыру тегін жүргізіледі. Ол үшін донорларға   ақша төленбейді. Тек заңды жолмен, тиісті талаптармен ғана қабылданады.  Ал өз еркімен дене мүшесін  саудалағандар жазаға тартылады.

«Адамның ағзалары мен тiндерiн алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу фактілері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 116-бабы бойынша тергеледі.Дәл осы қылмыстар абайсызда жәбiрленушiнің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда немесе мұны қылмыстық топ жасаған болса, сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», — деді ҚР ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз.

Ал психолог қаржылық қиындықтар туындаған кезде адамның мінез-құлқы өзгеретінін жеткізді. Бұл оны түрлі әрекетке итермелеуі мүмкін дейді.

«Бірінші мысалға айтатын шығармыз, шарасыздық деп. Ал екіншіден мен өзім ойлаймын, ол өзін-өзі құнсыздандыруы. Өмірдің, ол үшін құнды дүние жоқ деген секілді. Қазір бар ғой құндылықтардың өте төмендеп кеткен уақытысы деп, айтып жатырмызғой. Бұл да бір соның түрі деп айтуға болады», — дейді психолог Лимана Қойшиева.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, адам ағзаларын саудалау  бойынша өткен жылы 57 қылмыстық іс тіркелген.