Қазақстандық фабрикалар тігетін бір мектеп формасының бағасы 40 мың теңгеге дейін барады — Қазақстан жаңалықтары

0

Отандық мектеп формасының бағасы 40 мың теңгеге дейін барады. Бұл алып-қашпа әңгіме емес, кәсіпкерлердің өздері айтып отыр.

Фото: inform.kz

Арнайы көрме өткізген кәсіпорындар саладағы кейбір мәселелерді де көтерді. Мектеп үлгісіне қажетті шикізаттың бәрін сырттан тасып, шығынданып жүр екен, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Сапасыз киімдерден әбден мезі болған ата-аналардың базынасын ескерді ме, жаңа оқу жылына билік биыл ерте қамданды. Мектеп формаларын тігетін кәсіпорындардың басын қосып, көрме ұйымдастырды астанада. 

“Біз ата-аналарға да, мектептерге де шектеу қоймаймыз. Осы уақытқа дейін елімізде 16-17 тауар өндіруші болса, былтыр 25-ке жетті. Ата-аналар мұндайды көремесе олар жаңа оқу жылы басталғанда қытайлықты амал жоқ алып жатады. Сондықтан ата-аналар көріп, танысып, бұлардың мекен жайларын сайтқа да саламыз”, — деді қалалық білім басқармасының бас мамын Мәдина  Сүлейменова. 

“Көп мектептерде ескі үлгідегі форма киіп жатады. Көйлек сыртынан гипюр жасайды. Ол стандартта жоқ”, — дейді кәсіпорын өкілі Бауыржан Төлеген. 

Бірыңғай форма деген жақсы болды қазір. Ата-аналарға емес, бизнесмендерге. Мектептерден тапсырыс көбейіп, ақшаның астында қалады. 

“Дәл осы мектеп формасын тігіп жүргенімізге 10 жылдай болды. Қазір 300 мектептей киіндірдік. 50 мыңдай оқушыны формамен қамтып отырмыз”, — деді кәсіпорын өкілі. 

Мектеп формасының науқаны жаңа оқу жылының қарсаңында қыза түседі негізі. Сабылып, шабылып қалады ел-жұрт. Бірақ  ата-аналар жыл бойы іздейді форманы. Әсіресе, ақ көйлек тозып қала береді екен. 

“Мектеп формасын бір-ақ рет алмаймыз. Себебі оқу жылының ішінде балалардың бойы өсіп кетеді. Шалбарлары қысқарып қалады. Ақ көйлектерді тозып қалады. Мүмкіндігінше, сапалы киім алуға тырысамыз”, — деді қала тұрғыны Марал.

Отандық тауар өндірушілердегі мектеп формасының орташа бағасы 8 мыңнан 40 мың теңгенің аралығында. Материалына байланысты дейді. Матаны негізінен Ресей мен Түркиядан тасиды екен. 

stan.kz