Қазақстандық дәрігер кімдердің коронавирус жұқтыру қаупі жоғары екенін айтты

0

Дәрігер аллергиясы бар адамдар, әсіресе, сәуірдің аяғы мен мамыр айында аса сақ болуы керек екенін ескертті

НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Маусымдық аллергиясы бар адамдардың  коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары. Бұл туралы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты жанындағы республикалық аллергология орталығының меңгерушісі Динара Талғатбекова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Шаң-тозаңға аллергиясы бар, жоғарғы және төменгі тыныс алу жолдарының созылмалы аллергиялық ауруларына шалдыққан адамдар коронавирустың таралуына байланысты жұқтыру қаупі жоғары топқа кіреді», — дейді аллерголог.

Талғатбекова аллергиясы бар адамдар, әсіресе, сәуірдің аяғы мен мамыр айында, ағаштар тозаңдана бастағанда сақ болуы керек екенін ескертті.

«Вирус ағзаға тыныс алу жолымен түсіп, көмей, кеңірдек пен бронхыларда жиналады. Яғни, бұл аллерген шырышты қабыққа оңай енеді деген сөз. Иммунитет әлсіз болса, вирустар мен аллергендер зақымдалған шырышты қабық арқылы организмге зиян келтіреді. Ал егер вирусқа шөптер мен өсімдіктердің гүлденуінен болатын аллергия қосылса, онда пациенттің жағдайы нашарлап кетуі мүмкін», — дейді дәрігер.

Тағы оқыңыз: Ресей коронавирусты жоғары дәлдікпен анықтайтын тест жасап шығарды

Яғни, инфекциядан аллергия асқынса, ал аллергияның өзі коронавирусқа теріс әсер етеді.

Осы ретте қазақстандық маман аллергиямен ауыратындарға кеңес берді. Айтуынша, олар күн сайын мұрнын, аузы мен тамағын тұзды сумен шайып отыруы тиіс.

«Вирустық инфекция кезінде мұрын-жұтқыншақтың дер кезінде емделмеген аурулары (синусит, фарингит) одан сайын асқынып кетуі мүмкін. Аллергиясы бар пациент дәрігер белгілеген емді алуы керек. Әсіресе, бұл өсімдіктердің гүлдену уақытында өте өзекті», — дейді ол.

Айтуынша, вирустар әрдайым аллергиялық ауруларды асқындырып, демікпенің өршуіне әкеп соғады.



sputniknews.kz