Қазақстандық балет Валенсияны бағындырды — Өнер

0
30 Желтоқсан 2018, 12:24 117 0

Астана, BAQ.KZ. Испанияның ең ірі қалаларының бірі Валенсияда «Астана Опера» театры балет труппасының орындауындағы «Аққу көлі» балетіне билет табу мүмкін емес.

Испан жұртшылығы астаналық театрдың өнер көрсетуі айналасында айрықша қызығушылықтарын танытып, бір дүрлікті. Әртістердің бұл жерде өз өнерлерін алғаш рет ұсынуларына қарамастан, оларды көшелерде танып, «Астана Опера» деген атауды қуанышпен қабылдап жатты, себебі испаниялықтар қазақстандық театрдың онлайн-көрсетілімдері мен елордалық труппа туралы жиі жазатын әлемдік мәдениет жаңалықтарын қалт жібермейді.

Испанияға гримерлер, костюмерлер мен сахна машинистерін қоса, 100 адамнан астам әртістер құрамы келді. Валенсияға труппа аты әлемге әйгілі опера әншісі Пласидо Домингоның шақыртуымен барды. П.Чайковскийдің балетіне арналған сән-салтанаты жарасқан декорациялар София Патшайымның өнер сарайы сахнасының (Валенсия) ажарын айшықтай түсті. Театр жаңа, ол 2005 жылы ашылды. 1400 орындық зал әлемдік балет классикасы жауһарын көруге асыққан көрермендерге әп-сәтте лық толды.

«Аққу көлі» алғаш рет шамамен бір жарым ғасыр бұрын қойылған болатын. Одан бері дуаланған ару-аққу Одетта мен Зигфридтің махаббат хикаясы, ең алдымен, керемет музыкасымен, сондай-ақ көпшілік ойын-сауықтығы әрі жеке партиялардың шеберлікпен орындалуымен театрқұмар қауым назарын өзіне аударып келеді. Зұлым сиқырдың күшімен құсқа айналған ару туралы сюжет фольклорлық ертегі әлемінде кең тараған. Чайковский балетінде Зигфрид ханзада Одеттаның құтқарушысы, алайда оның байқаусыз жасаған опасыздығы қасіретті күнәға айналады.

29 желтоқсанда спектакльдегі басты партияларды орындағандар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева (Одетта-Одиллия), халықаралық байқаулардың лауреаты Олжас Тарланов (Зигфрид ханзада), Серік Нақыспеков (Шут) және Жәнібек Иманқұлов (Ротбарт).

Көрермендер елордалық бишілерге орындарынан тік тұрып қошемет білдіріп, солистер сахнадан шығып кеткенге дейін «жарайсыңдар!» деген ыстық ықыластарын жеткізіп жатты.

— Спектакль басталған сәттен бастап соңына дейін әртістер асқан шеберлік пен тамаша дарынын көрсетті, ал декорациялар мен реквизиттердің әрбір бөлшегі өзінің әсемдігімен таңдандырды, — деп атап өтті Офелия Перес есімді көрермен.

София патшайымның Өнер сарайында 29 желтоқсан мен 2019 жылдың 5 қаңтары аралығындағы «Аққу көлі» балетінің гастрольдік көрсетілімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр. Бұдан кейін осы балет өнерінің жауһар туындысы 11-13 қаңтар аралығында Италияда көрсетіледі.

Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова. Дирижерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов және Арман Оразғалиев.

Күн шуақты Испания Чайковский балетін сүйсіне тамашалап жатқанда, мерекелік жаңа жылдық Астанада опера солистерінің концерті аншлагпен өтуде. 29 желтоқсан күні кешкісін елордалық көрермен үш күн қатарынан берілетін «Астана Опера» құттықтайды» концертінің алғашқысын тамашалады. Дирижерлік пульт басына шыққан бағдарламаның авторы әрі бастамашысы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Алан Бөрібаев тамаша өнер көрсетті.

Жетекші солистер көрермен алдында жаңа қырынан көрінді. Медет Чотабаев, Жаннат Бақтай, Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев, Бибігүл Жанұзақ және т.б. опера өнері жұлдыздарының орындауында алғаш рет сахнада оперетталардың ариялары мен сахналық көріністері шырқалды. Көрермен назарына И.Штраустың «Летучая мышь», «За что, о, Боже мой…» оперетталарынан терцет, Ф.Легардың «Веселая вдова» опереттасынан септет, В.А.Моцарттың «Волшебная флейта» операсынан Папагено мен Папагенаның дуэті және т.б. туындылар ұсынылды.

Концерт аяқталған соң тыңдармандар керемет көңіл-күй мен тамаша жаңа жылдық тарту үшін «Астана Опера» шығармашылық ұжымына алғыстарын білдірді.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ