Қазақстандық автоөнеркәсіп саласына ірі инвестор келді

0

Асқар Мамин мұның отандық автомобиль жасау саласы үшін стратегиялық жоба екенін атап өтті, бұл саланың даму қарқыны артып, сыртқы нарықтарға шығу үшін экспорттық әлеуеті ұлғаятын болады. Жоба «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылады және индустрияландыру мен инвестициялардағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының тізіміне енеді.

Genertec (China General Technology Group) — қытайдың мемлекеттік конгломераты, машинажасау, фармацевтика, инженерлік мердігерлік, құрылыс және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ техникалық консалтинг салаларын қамтиды. Компанияның жылдық айналымы — $31 млрд. Экспорттық инвестициялық қоржыны — $180 млрд.

СМС (China National Machinery IMP. & EXP. CORP.) — ірі халықаралық жобалаушы, жобаларды басқаруда қызмет көрсету бойынша мердігер және автомобиль саласында көрсетілетін қызметтерді жеткізуші. Genertec құрамына кіреді.

Бірлескен кәсіпорынды дамыту аясында серіктестер саладағы өндіріс көлемін 100 000 дана автомобильге және жергіліктендіру деңгейін 50%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Қостанай қаласында автомобиль құрастыру өндірісін дамыту автомобиль өндірісінде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Genertec басқарма төрағасы Лу Йимин келіссөздер барысында бірлескен жоба аясында өндірісті жергіліктендіру барынша ұлғайтылып, брендтер қоржыны арттырылып, жаңа технологиялар енгізілетінін айтты.

Қазақстан мен ЕАЭО аумағына құрастыру бөліктерін жеткізушілер таңдалып алынады, тұтынушыларға автомобильдерге сапалы сервистік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылады.

Бірлескен кәсіпорынға салынған инвестициялардың жалпы сомасы шамамен $1,1 млрд болмақ.

Қытайлық серіктеспен және инвестормен бірлесіп, 2019–2021 жж. өндірісті дамыту стратегиясы аясында JAC, ANKAI, HOWO, HANTENG брендіндегі атвомобильдері шығару жоспарланып отыр.

Қол қою рәсіміне сондай-ақ Қазақстандағы ҚХР Елшісі Чжан Сяо, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Қазақстан Даму банкінің басқарма төрағасы Болат Жәмішев, Bank of China International президенті Сун Цзиньшань қатысты.

Дереккөз: http://egemen.kz/