Қазақстандық әйелдердің қанымен келген заң: Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылғанға дейін күйеуінің қолынан көз жұмғандардың оқиғасы

0

15 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтіп, оны әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жазаға ауыстыру туралы құжатқа қол қойды. Бұл заң қабылданғанға дейін біршама әйел күйеуінің қолынан көз жұмған еді. БҰҰ әйелдер дерегі бойынша Қазақстанда жыл сайын 400 әйел жұбайының қолынан қаза табады. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев келтірген деректерге сәйкес, 2023 жылы отбасылық зорлық-зомбылықтан 108 адам мерт болған. Stan.kz тілшісі қоғамда резонанс тудырып, заңды күшейтуге себеп болған оқиғалардың тізімін жасады.

Төрт баланың анасы Октябрь Балбидің өлімі

2021 жылы Қарағанды облысында Бұқар жырау ауданына қарасты Тоғызқұдық ауылында ер адам өзінің жарын өлтіріп, кейін өзіне қол салған.

Төрт баланың анасы Октябрь Балби күйеуімен араздасып, Теміртаудағы әпкесінің үйіне балаларын ертіп кетіп қалған. Бірақ кейін үйіне қайтуды ұйғарыпты. Содан кейін әйелді ешкім көрмеген. Тек іздеу жарияланғаннан соң, күйеуі оны өлтіргенін мойындап, полицияға барады. Десе де құқық қорғау қызметкерлері жауап та алмай, қамауға да алмай ер адамды үйіне қайтарған. Алайда ер адам үйіне келіп өзіне қол жұмсапты. Марқұмның туыстары әйелдің денесін төрт ай іздеді.

Күйеуі 5 рет пышақ сұққан 39 жастағы Раушан Фирманованың қазасы

Шымкентте 2022 жылы Раушан Фирманованы бұрынғы күйеуі пышақтап кеткен екен. 3 ай бірге тұрған күйеуі әйелін қорқытып, бопсалағандықтан, одан кетуге шешім қабылдаған. Алайда 50 жастағы ер адам оны аңдып, көлікке күштеп отырғызып, артынша пышақтап тастады. Мойнына үш рет, жүрек тұсы мен тобықтың үстіне сұққан. Сараптама нәтижесі бойынша әйел 2 минутта жан тапсырыпты.

Заңгер Айман Асанованың өлімі, аффект күйі деп күйеуіне жеңіл жаза тағайындауы

2023 жылы Алматыдағы заңгер Айман Асанованың өлімі де көптің наразылығын туғызды. Талғат Нұртаев пен марқұм Айман 2019 жылы отау құрған. Алайда үш жылдан кейін екеуі ажырасады. Алайда ол бұрынғы әйелінің үйден шыққанын күтіп тұрған, Асанова кетпек болған кезде оны 18 рет пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен.

Ең сорақысы, судья оны аффект күйінде қылмыс жасады деп, 1,5 жылға ғана соттайды. Тергеу изоляторындағы әр күні 2 күнге теңестірілгендіктен, ол 9 ай ғана жазасын өтейтін болып шықты. Бұл іске қатысты қоғамда дау шығып, бәрі қарсы шығады. Нәтижесінде үкім күшін жойып, аффект күйі алып тасталды.

Бұл кезде сот алқабилер қатысуымен өтті. Алқабилер ер адам әйелін қасақана өлтірді деп танып, Талғат Нұртаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Күйеуі соққыға жыққан Ажар Шадиеваның денесін полиция қаскөйлермен бірге көлікке тиеді

Қызылордада 2022 жылы үш баланың анасы Ажар Шадиеваны күйеуі Руслан Отарбаев соққыға жығып, өлтірді. 27 жастағы келіншектің туған күн кеші караокеде өткен. Сол кеште оған қайын ағасы айғайлап, жұлқылаған, күйеуі де оған қосылып, Ажарды далаға шығарып, тепкінің астына алған. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалды.

Осы тұста полиция соққыға жығылған әйелді көре тұра, оған көмек шақырмай, күйеуінің көлігіне тиескен. Ал марқұмның жұбайы мен қайын ағасы оның денесін үйге апарып жуып, көрпеге орап қойыпты.

Руслан Отарбаев бұл қылмысы үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы іске байланысты Ажар Шадиеваның туыстары Руслан Отарбаевтың әрекетіне көз жұма қараған 15 полиция қызметкерін жазаға тартуды сұраған.

Алайда қоғамда туған наразылықтан кейін Руслан Отарбаевтың досы полицей Ерсұлтан Қуанышбайұлы ғана ҚР ҚК 370-бабы 4-бөлігі (Қызметтегі әрекетсіздік) бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол лейтенант атағынан айырылды.

Өлгенге дейін 49 рет полицияға жүгінген әйелдің қазасы

Қостанайда 2022 жылы ер адам әйелі мен әйелінің құрбысын пышақтап өлтірген. Әйел бұған дейін 49 рет полицияға хабарласып, көмек сұраған екен. Алайда олар шара қолданбай, ақырында қаскөй әйелін пышақтап өлтірді.

Сот үкімімен әйелін өлтірген қаскөй 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал шара қолданбаған полицейлерге сөгіс жарияланды.

Экс-министрдің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың оқиғасы

Қазақстандықтарды дүр сілкіндірген оқиға – 2023 жылдың қарашасында бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанатты Нүкенованы өлтірді деп айыпталуы. Айыпталушы әйелін “Бау” мейрамханасында ұрып-соқты деген айыппен сотқа тартылып жатыр, бейнебақылау камераларының жазбасы желіде тараған еді.

Қазіргі таңда сот ашық түрде өтіп жатыр, тікелей эфир тек қазақстандықтардың емес, бірқатар әлем елдерінің назарында. Қуандық Бишімбаевқа қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі («Азаптау»), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.



Осыған қатысты Еуропаның бірнеше елінде Салтанат үшін митингілері өтті, белсенділер Салтанат заңын қабылдауды талап етті.

Аталмыш оқиғалар тек БАҚ беттеріне жаррияланғандары ғана, ал бүгінде қоғам үшін белгісіз біршама әйел күйеуінің қолынан көз жұмып, өмірімен қоштасты.

Күйеуінің қастандығынан кейін ауыр жарақат алып, өлім аузында қалған әйелдердің де оқиғасы желіде тарады.

Күйеуі өртеп жіберген Индира Тергеубаеваның оқиғасы

2022 жылы 21 желтоқсанда алматылық Индира Тергеубаеваны бұрынғы азаматтық некедегі күйеуі өзі жұмыс істейтін дүкеннің ішіне пышақ және жанармаймен келіп, ішін өртеп жіберген. Бұған дейін ер адам әйелді бірнеше рет соққының астына алған, тіпті қолын сындырған.

Қайғылы жағдай болар алдында 20 желтоқсан күні ер адам Индира Тергеубаева жұмыс істейтін дүкенге келіп қоқан-лоқы көрсеткен. Сол сәтте әйел құзырлы орган өкілдеріне өзінің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, арыз жазған. Ер адам Қазақстан аумағынан қуылған Ресей азаматы, шешен ұлтының өкілі екен. Алайда ешкім шара қолданбаған. Салдарынан осы жағдай орын алды, ер адам дүкеннің ішінде өзі қалып қойып, мерт болды, ал әйелді сол дүкенге келген адам құтқарып алып шыққан.

Жантүршігерлік жағдайдан кейін әйел екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың санатына кірген. Денесін толық күйік шалып, салдарынан құлағы естімейді, көзі көрмей қалған және қолдары дұрыс жұмыс істемейді.Дәрігердің айтуынша, күйік орнының қайта қалыпқа келуі үш жылға дейін жалғасады екен.

Әйел арызына мән бермеген және ер адамның Қазақстаннан шығарылуын қадағаламаған полицейлер әлі күнге дейін жазаға тартылмағанын айтады.

Полицей күйеуі терезеден лақтырып, арбаға таңылған 23 жастағы Арунаның оқиғасы

Қызылордада бұрынғы полиция қызметкері жүкті әйелін соққыға жыққаннан кейін ол үшінші қабаттың терезесінен құлап, мүгедек болып қалды.

Аруна Аманованы күйеуі физикалық қысым көрсетуді әдетке айналдырған, ал келіншек отбасын сақтаймын деп оны кешіріп келген. Тіпті соққы салдарынан ауруханаға да түсіпті. 2022 жылдың 4 қарашасында ер адам мас болып келіп, Арунаны ұрады.

“Қонақ бөлмеге шашымнан сүйреп кіргізді. Басымнан ұрып, тұншықтырды, есімді жоғалттым. Есімді жиғанымда, көшеде жерде жаттым. Ол досымен үстімнен қарап, “неге секірдің?” деді. Мен кімнің қайдан секіргенін түсінбей қалдым. Одан көмек сұрап, қиналып жаттым”, – деді әйел.

Терезеден құлағаннан кейін ол асфальтқа арқасымен құлап, омыртқасын сындырып алады. Қазір Аруна мүгедектер арбасына таңылған, жүре алмайды. Дәрігерлер келіншектің жүріп кететініне күмәнмен қарайды. Іс  “Өзін-өзі өлтіруге итермелеу” бойынша ғана қозғалған. Енді Аруна әділдік үшін қайтадан күресіп, соттасуға ниетті.

Лифтіде әйелін тепкілеген ер адам

2022 жылы Астанада ер адамның әйелін лифтінің ішінде тепкілеп, ішінен, көкірек тұсынан ұрған видеосы тарап кетті. Осыдан кейін келіншектің әкесі қызын үйіне алып кетіп, резонанс тудыруға тырысты, ер адамды жазалау үшін күресті.

Тергеу нәтижесі бойынша 2018 жылдан 2020 жылға дейін сотталушы әйелінің жүкті екенін және өзіне материалдық жағынан тәуелді екенін біліп, оған физикалық және психикалық зардаптар келтіргені анықталды.

2022 жылы 28 наурызда ер адам мас күйінде лифтте әйелін аса қатыгездікпен ұрып, оған орта дәрежедегі дене жарақатын келтірген. Оқиға лифтінің бейнебақылау камерасына жазылып қалған.

Ер адам 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылып, жәбірленушінің пайдасына сотталушыдан екі миллион теңге моральдық шығын мен 4 миллион теңгеден астам материалдық шығын өндірілді.

Заңгер, фембелсенді Айгерім Құсайынқызы тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауға қазақ әйелдерінің қанымен қол жеткізгенін айтады.

“Бұл – қазақ қыздарының көз жасымен, өмірінің құнымен келген заң. 2017 жылы 3 шілдеде қылмыстық кодекстің 108-бабы “Денсаулыққа қасақана зиян келтіру” және 109-бабы “Ұрып-соғу” алып тасталып, әкімшілік құқықбұзушылық болып танылды. Яғни бұл енді қылмыс емес, құқықбұузышылық боп саналды. Әйелін ұрып-соққандардың жазасы жеңіл болды, кейде тіпті жазаланбады, ескертумен шектелді. 6 жылдық күрестің нәтижесінде қайтадан бұл қылмыс болып танылады”, – деді Құсайынқызы.

Айтуынша, аталмыш баптарды қылмыстық кодекстан алып тастау үлкен қателік болды. Бұл қателік бірнеше әйелдердің өмірін жалмады.

“Бұл қателіктің салдары бірнеше әйелдің өміріне тең. Енді Тоқаев әлеуметтік әділеттілік орнатып, 15 сәуір Ғашықтар күніне орай өзгеріске қол қойды. Осы арқылы ғашықтық пен зұлымдық арасында байланыс жоқ деп түсіндірген болар”, – деді фембелсенді.

Енді жеңіл зиян әкелгендерге 200 АЕК (738 мың теңге), 200 сағат түзету жұмысы, 50 күнге дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Ал ұрып-соққандарға 25 АЕК (92 300 теңге) немесе 25 күнге дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Еске салсақ, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқығын қорғап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойғаны айтылды.